"Самұрық-Қазына" дербес қорлар рейтингінде 21-орында тұр

809

Ұлттық-әл-ауқат қоры жыл соңына дейін шетелден 2,3 трлн теңге инвестиция тартпақшы.

"Самұрық-Қазына" дербес қорлар рейтингінде 21-орында тұр Фото: Максим Морозов

Жылдың екінші жартысында "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры 1,1 трлн теңгенің тікелей шетелдік инвестициясын тартуды жоспарлап отыр. Осылайша жыл соңына дейін мұнай-газ, химия, энергетика және тау-кен металлургия кешені сияқты салаларға тартқан шетелдік инвестиция көлемі 2,3 трлн теңгеге жетуге тиіс. Дегенмен бұл былтырғы көрсеткіштен 15 пайыз аз. 

"World Investment Report мәліметі бойынша, әлемде тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2020 жылдан 2021 жылға дейін 40%-ға күрт қысқарады деп күтілуде. Карантин салдарынан жаһандық тасымал бұзылған кезде қор тарапынан уақтылы қабылданған шаралар ТШИ-дің айтарлықтай төмендеуіне жол берген жоқ. Көрсеткіш 2019 жылғы деңгейден 85%-ға орындалады. Былтыр компаниялар тобы тартқан ТШИ мөлшері 2,8 трлн теңге болған. Бұл ел экономикасына тартылған барлық шетелдік инвестицияның  30,3% -ын құрады", – деп жазады қордың қоғаммен байланыс және маркетингтік коммуникациялар  жөніндегі департаменті.

Бұған дейін "Самұрық-Қазына" басшылары әл-ауқат қорының инвестицияны ғылым мен ауыл шаруашылығына, қайта өңдеу және медицина саласына бағыттайтынын айтқан болатын. Алайда бұл бағыттағы жобалар биылғы жылдың жоспарына енбеген тәрізді. Биыл қолға алынған инвестициялық жобалардың ең сүйектілері энергетика және мұнай-газ саласына бағытталыпты. Мысалы,  Ерейментау қаласында қуаты 50 МВт болатын,  Шелек дәлізінде қуаты 60 МВт болатын жел электр стансаларын салуға  30 млрд теңге тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Ал мұнай-химия саласында "Kazakhstan Petrochemical Industries Inc" АҚ-ндағы газ-химия кешенінің құрылысына 271 млрд теңге инвестиция тартылған екен.  Мұнай-газ саласында "Бозой" жерасты газ қоймасының газ сақтау қуатын арттыру жобасына 7,2 млрд теңге инвестиция салынған.

"Маусым айында S&P Global Ratings халықаралық рейтинг агенттігі "Самұрық-Қазына" АҚ-ның ұзақ және қысқа мерзімді несиелік  рейтингтерін "ВВ+/В" деңгейінде растады. Яғни, "тұрақты" - деген болжам берілді. S&P сондай-ақ қордың "kzAA+" ұлттық шкаласы бойынша рейтингін растады. Өз кезегінде Fitch Ratings агенттігі қорға "ВВВ" деңгейінде "тұрақты"/"F2" болжамдық рейтинг берді. Осы көрсеткіштерімен әл-ауқат қоры әлемдегі 30 үздік дербес қордың ішінде 21-орында тұр", – деп жазылған қордың баспасөз мәліметінде. 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу