Сарапшы: Банктерге әзірге банкроттық туралы заң тиімсіз

400

Еліміздегі екінші деңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдар үшін банкроттық заң әлі де тиімді болмай тұр.

Сарапшы: Банктерге әзірге банкроттық туралы заң тиімсіз Фото: Inbusiness.kz

Өйткені, олар несиені есептен шығарғанда салық төлеуге мәжбүр. Неліктен бұл салықтық заң әлі қаралмай келеді? Қазақстанда мерзімі 90 күннен асып кеткен несиелер саны қанша? Егер банк қаржыдан қысылған клиенттің кредитін қайта құрылымдамай жатса, қайда жүгіну керек? Бұл туралы толығырақ Inbusiness.kz мәлімдейді.

Екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары несиелерді қайта құрылымдауға келгенде құлшыныс танытпайды. Өткен жылы осылай деген жұрт еліміздің қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінген. Бір қызығы, жазылған 60 мыңға жуық арыздың барлығы дерлік расталыпты. Осылайша, немқұрайлық танытқан қаржы ұйымдарына сомасы 200 млн теңгеден асатын 400-ден аса әкімшілік айыппұл салынды. Сондықтан, қадағалаушы орган банктерге қарызды реттеудің ережесі барын ескертеді. Егер клиентте қаржылық жағдайының нашарлағанын растайтын құжаттар болса, банктің несиені қайта құрылымдаудан бас тартуға құқығы жоқ. Сондай-ақ, биыл ипотекалық несиеге қатысты да қорғау барынша күшейтіліпті.

"Егер ипотекалық қарыз алушы өтініш берсе және біз оны қарастырып жатқан кезде банктер 60 күн ішінде клиентке ешқандай шара қолдана алмайды. Бұл заң бұзушылыққа қатысты қаржылық институттарға шара қолданылды. Айта кету керек, оларға қатаң жаза қарастырылған. Ары қарай да бұл жауапкершілік күшейтіле береді", - дейді ҚР Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің департамент директоры Александр Терентьев.

Ал, сарапшылар қаржы ұйымдарының борышкерлермен кездесуге құлықсыздығын ашкөздікке балайды. Өйткені, бас пайдасын ойлаған банктер мен микроқаржы ұйымдары халықты тақырға отырғызуды қалайды. Мысалы, мұны жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды қолдану тәжірибесі айқын көрсетті. Өйткені, бұл ереже несие берушілер үшін үлкен қаржылық ыңғайсыздық пен салықтық міндеттемелерді орындауға мәжбүрлейтін көрінеді.

"Егер несиені есептен шығарсаңыз, біздің салық заңнамасына сәйкес банк есептен шығарылған несие бойынша салық төлеуге міндетті болып шығады. Өйткені, заң бойынша бұл табыс саналады. Осы мәселе де бір жағынан банктердің жұмысын тұралатып тұр", - дейді экономист Арман Бейсембаев. 

Айта кетейік, былтыр банктер мен микроқаржы ұйымдарының проблемалық несие бойынша салық төлемеуіне рұқсат ететін заң қаралған. Бірақ ол әлі қабылданған жоқ. Мәселен, 2022 жылы несиелік ұйымдар қарыз алушылардың 700 мыңнан астам өтінішін қарап, оның 528 мыңға жуығы қайта құрылымдауға мақұлданған. Елімізде мерзімі 90 күннен асып кеткен несиелердің үлесі – 5,6 пайыз, яки 461 млрд теңгеге жеткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу