Сарапшы: тексеріс жойылғанда орта бизнес дамиды

613

Елдегі орта бизнестің даму қарқыны әлі де болса бәсең.

Сарапшы: тексеріс жойылғанда орта бизнес дамиды

Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны "қолмен көтеруге" тура келеді. Мемлекет басшысы халыққа жолдауында осылай деді. Айтуынша, "Бизнестің жол картасы" және "қарапайым заттар экономикасы" бағдарламаларын біріктіріп, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын кешенді бағдарламаға айналдыру керек. Сонымен, елдегі орта кәсіпкерліктің өркендеуін қандай кедергілер тежеп тұр?

Тоқаев: орта кәсіпкерлікті тежеп тұрған кедергілерді жою керек

Президент айтпақшы, шынында елде шағын және ірі бизнестің тасы өрге домалап тұр. Себебі, шағын бизнес салықтан босатылған, ал, субсидияның қызығын ірі бизнес қана көріп отыр. Мемлекет басшысының бұл жолғы жолдауында орта кәсіпкерлікке ден қою керектігі айтылды.

"Ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет. Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда "қолайлы". Үкімет шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керек", - деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сарапшылар сөзінше, орта кәсіпкерлікпен ешкімнің айналысуға құлқы жоқ. Өйткені, жылдық табыс 69 миллион теңгеден асатын болса, бар тапқандарын салыққа жұмсауға мәжбүр. Тапқан таянғандарынан айырылмас үшін кәсіпкерлер бірнеше шағын бизнес ашып, қулыққа да барады екен. Орта бизнестің дамыту үшін жылдық табыстың шекті мөлшерін 150 миллион теңгеге дейін көтеру керек дейді сарапшылар.

"Тексерістер салық органдарын мүлдем жақындатпау керек. 4-5 жыл өссін содан кейін ғана жүйеге тіркеп оны тексеріп отыруға болады. Бірақ, бір қателік жіберсе, кеңес айтып болады. Ал, бізде үлкен штраф салады. Сосын барлығы шошып ойлайды қара жұмыс істейін деп", - дейді экономист Бауржан Шурманов.  

Елдегі бизнесті тексеру, тіпті, қудалау әлі бар екенін, соның ішінде құқық қорғау органдары асыра сілтеп жіберетінін бүгін президенттің өзі айтты. Бірақ, мұндай хабарлармалар кейде шындыққа жанаспаса да назар аудару керектігін тілге тиек етті. Мемлекеттік мекемелер де кейбір кемшілікке жол береді екен. Сондықтан, дәл қазір билік пен бизнестің арасында сындарлы диалог болуы қажет, деп санайды Тоқаев.

"Осындай мәліметтер кейде әдейі таратылып жатады, тіпті, олар жалған болуы да мүмкін. Қалай десек те, бұл  назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселе. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету, саланы реттейміз деген желеумен жасалатын қысымды азайту және бәсекелестікті дамыту мәселелерін мұқият талқылау қажет. Сондықтан мен жуық арада еліміздің бизнес өкілдерімен арнайы кездесу өткіземін", - деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Одан өзге, президент орта кәсіпорындардың әрқайсысына нақты жоспар әзірлеу керектігін айтты. Сол арқылы өндіріс қабілеті артып, өнім көлемі 2-3 есе көбеймек. Ал, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау үшін "бизнестің жол картасы" мен "қарапайым заттар экономикасы" бағдарламаларын біріктіріп, кешенді бағдарламаға айнадалдырған қажет деді. Срапашылар болса, мұндай бағдарламалар тек қағаз жүзінде әдемі, шын мәнінде оның қызығын тек, соның айналысында жүргендер ғана көреді деген сенімде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу