Сарыағашта банан мен папайя пісті

305

Түркістандық шаруа тропикалық жемістерді өсіріп жатыр. 

Сарыағашта банан мен папайя пісті Фото: Тұрсын Абдуллаұлының жеке мұрағатынан

Сарыағаштағы "Agrotur" шаруа қожалығының жылыжайында өсірілген тропикалық жемістер өнім бере бастады. Қыста банан мен папайя пісті, деп жазады inbusiness.kz сайты kazinform.kz-ке сілтеме жасап. 

"Өзбекстандық таныс адамдар арқылы банан мен папайяның көшеттерін экватордан алдырдым. Басында 4 түп банан, 2 түп папайя отырғыздық. Қазір банан 20 түп болды. Папайяда жәймен көбейіп келеді. Әзірге сататындай өнім алып жатқан жоқпын. Тек балаларым мен немерелерім және осындағы жұмысшылардың жеуіне жетіп тұр. Банан піскен кезде өзіме екі-ақ данасы бұйырды", - дейді шаруа қожалық төрағасы Тұрсын Абдуллаұлы.

Қазір шаруаның ауласында өсіп тұрған тропикалық жемістерге қызығушылар өте көп. Шаруалар тәжірибе алмасу үшін келсе, кәсіпкерлер сатып алмақ болып хабарласады. Ал, кей адамдар суретке түсу үшін арнайы іздеп келеді екен.

"Банан екі-үш айда бір рет 20 келінің жобасында өнім береді. Яғни, 1 жылда 100 келідей өнім аламыз. Ал, папайяның екі-үш күнде біреуі піседі. Бізде араб елінде өсетін құрма ағашы да болған. Өткен жылы көмірдің уақытылы жеткізілмеуінен жылыжайдағы өнімдерімізді үсіп кетті. Сол кезде көгеріп тұрған құрма ағашын қуратып алдық", - дейді шаруа.

Жалпы Тұрсын Абдуллаұлы тропикалық жеміс өсіруді 2017 жылдары қолға алған. Алғашқы кезде тропикалық және экзотикалық жемістерге арнап арнайы жылыжай салды. Көшеттерді күтіп баптау жұмыстарын атқарды. Ал, жемісін 5 жылдан соң көре бастады.

"Елімізге шеттен келетін өнімдерді өз жерімізде өсіріп көруге ниет еттім. Тіпті, алдыма "өсіремін" деген талап та қойдым. 12 соток жерге жылыжай салып, тәжірибе алаңын жасадым. Жоспарым жаймен жүзеге асуда. Тек күн ыстық аймақта өсетін жемістер, Сарыағаш топырағына да жерсінді. Алдағы уақытта банан мен папайяның көшеттерін көбейтуді жоспарлап отырмын" - дейді ол.

Бүгінде "Agrotur" шаруа қожалығы аумағындағы 4 гектар жерде қияр мен қызанақтан бастап көптеген бақша өнімі өсіріледі. Олардың ішінде зәйтүн мен розмарин, киви мен құлпынай, анар мен құрма секілді сирек кездесетін жемістер бар. Одан бөлек, бір гектар жерге қияр мен қызанақ көшеті егілген. Аумағы екі гектар жерді алып жатқан алма бауы бар. Онда да алмұрт, шие, өріктің бірнеше түрі өсіп тұр. Сондай-ақ шаруа голлондиялық гүлдерді де өсіріп, сатылымға шығаруда. Бал арасы, бөдене бизнесі секілді кәсіптері де қосымша жүріп жатыр.

"Тұтынушыларымыздың көпшілігі Ақтау, Атырау, Қызылорда, Алматы секілді ел аумағынан келеді. Биыл голландиялық гүлдерге Өзбекстаннан тапсырыс түсті. Сұраныс жақсы. Жалпы бұл біздің отбасылық кәсібіміз. Ұл-қыздарым мен келіндерімде осында қызмет атқарады. Одан бөлек, шаруа қожалықта 30-ға жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған. Ал, агрономды Түркиядан алдырдық. Өзім жас кезімнен диқаншылықпен айналысқанмын", - дейді Тұрсын Абдуллаұлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу