Семейде "Бейбітшілік" акциясы өтті

392

Дәл бүгін, 29 тамыз күні қазақ даласына қасірет тарттырған Семей ядролық полигонының жабылған күні. 

Семейде "Бейбітшілік" акциясы өтті Фото: inbusiness.kz

Абай жерінде атом аждаһасының үні өшкелі тура 32 жыл болды.

Алайда жарылыстардың  жаңғырығы  зардап шеккен халықтың жүрегінен әлі өше қойған жоқ. "Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне" орай өткен шараға қала тұрғындары мен шет елдерден келген меймандар қатысты.

"Өлімнен де күшті" монументіне гүл шоқтары қойылып, көпшілік полигон құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. 

Атом сынақтары тоқтағалы, қазақ елімен тағдырлас Жапонияның Хиросима, Нагасаки қалаларындағы бірнеше ұйым семейліктермен тығыз қарым қатынаста. 30 жылға жуық жүргізілген сынақтардың зардаптарын зерттеп, оңалту жұмыстарына көмек беріп келеді.

-Семей жеріндегі болған сынақтардың зардаптарын зерттегелі 20 жыл болды. Осындағы әріптестермен тығыз қарым- қатынастамыз. Жапон мемлекеті бүкіл әлемде жаппай қырып жою қаруларын болдырмау идеясын қолдайды. Сондықтан, Қазақстанның да, күншығыс елінің де мүддесі бір, дейді, Хиросима университетінің профессоры Нориюки Кавано. 

Екі жыл бұрын атом сынақтарынан жапа шеккен өңір тұрғындарының мүддесін қорғайтын "Полигон-21" қоғамдық бірлестігі құрылған. Ұйым белсенділері Семей полигоны туралы қолданыстағы заңға өзгерістер енгізу керектігін ұсынып отыр. Өйткені өңір халқына әлі күнге лайықты деңгейде әлеуметтік-медициналық көмек көрсетілмейді деп санайды. 

- 74 жыл бұрын бірінші жарылыс қазақ жерінде болған. Семей облысы Абыралы елінде, Дегелең тауында. Содан бері 30 жылдан асты осы Егемендік алғаннан кейін біз полигонды жаптық бірінші болып. Бірақ орасан зор зардабын әкелді. Қаншама адамдарды басқа жерге аударды. Жерімізді улады. Енді біздің ұйым 1992 жылы қабылданған "Семей полигоныннан зардап шекккендерді қорғау" туралы заңға өзгеріс енгізетін уақыт жетті деп отырмыз. Абай облысына қандай көмек керек. Экономикасын көтеруге, әлеуметік жағдайын жақсартуға. Халықдың денсаулығын оңалту бойынша жеңілдіктер болуы керек. Сондықтан біздің ұйым халықтан 50 мыңнан астам қол жинадық, дейді  "ПОЛИГОН-21" қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Марат Құрманбай.

40 жыл ойран салған ядролық сынақтардың кесірін 2 миллионға жуық адам тартты деген дерек бар. Ұрпақтан-ұрпаққа зиян әкелген кесапаттың кеселі әлі қанша жылға созылары беймәлім дейді ғалымдар. 

-          Бүгінде киелі тәуелсіздіктің арқасына, егемен елдің жаңа тарихы жазылуда.  Дана халқымыз әділетті Қазақстанның берік іргесін қалап келеді. Ұлы Абай аманатына адал ұрпақтың ұйқысы тыныш, келешегі кемел, елдігіміз мәңгілік болсын, дейді  Абай облысы әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков.

Қазір Абай облысында атом сынақтарының салдарын жою мен оңалту үшін түрлі  әлеуметтік-медициналық бағдарламалар қабылданған.  Адамзаттың өз қолымен өзіне жасаған мұндай қастандығы енді ешқашан қайталанбасын, дейді "Бейбітшілік" акциясына қатысушылар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу