Сенат Азиядағы өзара іс-қимыл кеңесіне қатысты құжатты ратификациялады

113

Азия кеңесіне 28 мемлекет мүше. 

Сенат Азиядағы өзара іс-қимыл кеңесіне қатысты құжатты ратификациялады Фото: inbusiness.kz

Сенат 2007 жылғы 26 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы арасындағы Хатшылықтың Қазақстан Республикасының аумағында болуы шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Заң Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға трансформациялау туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша және 2022 жылғы қазанда Астанада өткен Азия Кеңесінің 6-шы Саммитінің шешімі негізінде әзірленген. 

"Штаб-пәтері Астанада орналасқан, құрылғалы бері өзінің тиімділігін дәлелдеп келе жатқан Азия кеңесіне 28 мемлекет мүше, бұл – Азия құрлығының 90 пайызын құрайды. Сондықтан Қазақстан кеңестің негізін қалаушы мемлекет ретінде Ұйымның жалпы қызметін, соның ішінде атқарушы органы – Хатшылық жұмысын жақсартуға ерекше мән беріп келеді. Хаттамаға енгізілген өзгерістер Біріккен Ұлттар Ұйымының және өзге де халықаралық ұйымдардың ережелері мен тәжірибесіне сәйкес, мүше мемлекеттерден Хатшылыққа жұмысқа жіберілетін немесе келісімшарт негізінде қызмет атқаратын персонал мүшелерінің мәртебесін нығайтуды көздейді", - деді сенатор Дархан Қыдырәлі.

Оның сөзінше, Азия Кеңесі сияқты үкіметаралық немесе мемлекетаралық ұйымға мүше әрбір мемлекет, әсіресе қабылдаушы тарап, қызметкерлердің функциялары мен тәуелсіздігінің халықаралық сипатын тануды, құрметтеуді және сақтауды іргелі қағида ретінде қабылдауы тиіс екені белгілі. 

"Бұл қағида қызметкердің азаматтығына қарамастан өз қызметтік міндеттерін атқару барысында қабылдаушы елдің юрисдикциясынан иммунитетке ие болуын, мемлекеттің жеке табыс салығынан босатылуын және басқа да бірқатар артықшылықтармен қамтамасыз етілуін көздейді. Жалпы, Хатшылықтың Қазақстан аумағында болуы шарттары туралы Келісімге 32 өзгеріс енгізу қарастырылған. Олардың 13 – Хатшылық персоналына "халықаралық азаматтық қызметші" функцияларын беру,  қалған 19 – редакциялық түзетулер", - деді Сенат депутаты.

Қазіргі геосаяси аумалы-төкпелі кезеңде Азия кеңесі өзінің тиімділігімен бұрынғыдан да жоғары сұранысқа ие болып отыр, дейді ол.

Дархан Қыдырәлі қабылданатын заң ұйым қызметкерлерінің еңбек жағдайларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, Азия кеңесін толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруға оң әсер береді және оның әлеуетін одан әрі арттырады деген пікірде. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу