Сенатор азаматтық авиацияны дамытудың тиімді тәсілін ұсынды

180

Депутат нысаналы қаржыландыру нормасын енгізуді ұсынып отыр.

Сенатор азаматтық авиацияны дамытудың тиімді тәсілін ұсынды Фото: parlam.kz

Сенатор Нұртөре Жүсіп Алматыдағы азаматтық авиация академиясына ерекше мәртебе беру мәселесін қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Депутат еліміздегі азаматтық авиация саласы коммуникацияның маңызды бөлігі екенін еске салды.

"Еліміздің бүгінгі геосаяси жағдайдағы транзиттік әлеуетін, өңірлердің өзара алшақтықтарын ескеретін болсақ, алдағы уақытта бұл салаға деген қажеттіліктің басымдығын байыптау қиын емес. Қазіргі уақытта салада баяу болса да, ілгері жылжу бар. Дегенмен жаңа ұшақтарды сатып алу, техникалық қызмет көрсету саласын арттыру, ұшулар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін халықаралық авиациялық ұйымдардың стандарттарын енгізу жұмыстарында сылбырлық бар. Одан бөлек кейбір өңірлердегі әуежайлардың инфрақұрылымдарының әлсіздігі, бюджеттік тасымалдаушылардың ішкі нарықтағы ұсыныстарының жеткіліксіздігі, жаңармай бағасының және ұшу билетінің қымбаттығы сияқты кешенді проблемалар да жеткілікті", –  деді Нұртөре Жүсіп Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында. 

Осылардың ішінде ең маңыздыларының бірі – азаматтық авиация саласында халықаралық талаптарға сай келетін мамандарды әзірлеу мәселесі. 

"Өздеріңізге белгілі, жақында орын алған елімізде және шетелде болып жатқан ұшақ апаттары бізді де ойландырмай қоймайды. Жуырда азаматтық авиация академиясына барып, оқытушылармен кездесіп, оқу орнының материалдық-техникалық базасымен таныстым. Осы ретте өзім көз жеткізген кейбір мәселелерге Көлік, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің назарын аударғым келеді. Бүгінде цифрландыруды, жасанды интеллектіні және пилотсыз жүйелерді қоса алғанда, технологиялардың қарқынды дамуы саланың серпінді өзгерістерге бейімделе алатын, озық ойлы кадрларды даярлауды талап етіп отыр. Бұл үшін жаңа стандарттар бойынша академиялық сертификаттау, академияда ұшқышсыз авиация орталығын құру қажет. Мамандарды даярлаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін әлемдік стандарттар мен озық тәжірибелерге сәйкес, академияның инфрақұрылымын дамыту аса қажет. Бұл ретте академияға мамандандырылған жабдықтары бар жеке аэродром салу, оқу-зертханалық базаны жаңарту және кеңейту бойынша жобаларды іске асыру заманауи тренажерлермен жарақтандыру қажет", – деп атап өтті ол Сенаттың жалпы отырысында.

Инновацияларды енгізу және ғылыми зерттеулерді дамыту арқылы авиация саласының бәсекеге қабілеттігін арттыру маңызды болып отыр. Сөзінше, бұл үшін нысаналы қаржыландыру нормасын енгізуді қарастыру қажет. 

"Мұндай тәжірибе бұрын бізде болған. Біз ғылымды қаржыландыруға Қазақстандағы жер қойнауын пайдаланушыларды өндіруге жұмсалған өз шығындарының бір пайызын ғылыми зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыстарға бөлуін міндеттеген болатынбыз. Мүмкін осындай тәжірибені еліміздің әуе кеңістігін пайдаланғаны үшін кірістерден міндетті аударымдары есебінен авиацияны дамытуға жұмсау мәселесін пысықтап көру қажет болар", – деді сенатор.

Алматыдағы азаматтық авиация академиясына ерекше мәртебе беру мәселесін қарастыруды да ұсынып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу