Сенатор діни экстремизм мен терроризмге қарсы жаңа бағдарлама әзірлеуді сұрайды

1589

Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жаңа мемлекеттік бағдарлама әзірлеу қажет деп санайды.

Сенатор діни экстремизм мен терроризмге қарсы жаңа бағдарлама әзірлеуді сұрайды

"2018-2022 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бағдарламасына бюджеттен 270 млрд теңге бөлінді. Бірақ бұл соманың тек 4%-ын мемлекет алдын алу шараларына жұмсады. Нәтижесінде, елде тыйым салынған топтар саны өсіп, олар қаңтардағы шерулерді пайдаланып, Конституциялық жүйені бұзуға тырысты", – деп пайымдайды Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов.

Мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін депутат Премьер-Министр Әлихан Смайыловтан жаңа мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді, республикалық зерттеу орталығын құруды және дінтанушылар мен теологтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесін қарауды сұрайды.

"Сергей Швейкин (ҰҚК – V терроризмге қарсы орталығы бастығының орынбасары) өз сөзінде Қазақстандағы деструктивті ағымдарды ұстанушылардың саны 20 мыңнан асатынын айтты. Бұл жерде сұрақ туындайды: олардың саны неге артып келеді? Кейбір деректер бойынша, елімізде діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен бес жылға 270 млрд теңге бөлінді, бірақ оның тек 4%-ы профилактикалық іс-шараларға жұмсалды. Бұл бағдарлама тиісті нәтиже бермегенін қайғылы қаңтардағы оқиғалар айғақтайды және осы салаға жауапты уәкілетті органдар бұл мәселеге әлі де баға берген жоқ", – деп мәлімдеді Дүйсембинов.

Оның пікірінше, үкімет бүгінде еліміздегі діни ахуалды зерделеп, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жаңа мемлекеттік бағдарлама әзірлеуі қажет.

Бұдан басқа, өңірлер бөлінісінде діни ахуалдың картасын әзірлеу, дін саласында зерттеулер жүргізетін, мониторингпен және сараптамамен айналысатын және оны тиісті білімі бар білікті мамандармен жинақтайтын республикалық зерттеу орталығын құру қажет.

Депутаттың пікірінше, зерттеу топтарының ақпараттық насихатының қызметін жетілдіру мен күшейту және оларға әдістемелік, ақпараттық һәм қаржылық қолдау көрсету маңызды. Дүйсембинов үкімет басшысынан дін саласындағы мемлекеттік ұйымдардағы дінтанушы мамандардың, теологтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесін қарастыруды да сұрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу