Сенатор ел экономикасына инвестиция тарту жағдайын сынға алды

202

Талдау нәтижелері бірқатар салада инвестицияның төмендегенін көрсетіп отыр. 

Сенатор ел экономикасына инвестиция тарту жағдайын сынға алды Фото: 7kun.kz

Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов депутаттық сауалында инвестиция тарту жағдайына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Біздің экономикамыз ұзақмерзімді инвестицияны қажет етеді. Сондықтан еліміздің экономикасына инвесторлар тартуға бағытталған барлық шараны жедел түрде енгізу өте маңызды. Бүгінде инвестицияларды тарту инвестицияларға тапсырыс беру қағидаты бойынша жүзеге асырыла бастады, яғни прокурорлық сүзгі, жасыл дәліз сияқты инвестициялық жобаларды қолдау жүйелері іске қосылуда", - деді сенатор.

Сұлтанбек Мәкежанов былтыр Сенаттың қаржы және бюджет комитеті Қазақстанның инвестициялық ахуалы және инвестициялық тартымдылығы тақырыбында үкіметтік сағат өткізгенін еске салды.

"Оның нәтижелері бойынша жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар ұсынымдар берілді. Бұл ұсынымдар сәйкесінше мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып әзірленді. Алайда ондағы инвестициялық тартымдылықты арттыратын біраз ұсыныстар бүгінде орындалмауда. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы шетелдік инвестицияларды тиімдірек тартуға бірінші рет назар аударып отырған жоқ", - деп атап өтті спикер.

Айтуынша, экономикамызда инвестицияларды тарту жағдайы жоғары дәрежеде емес. 

"Мәселен, 2023 жылғы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 23,4 млрд долларды құраған. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 28,2 млрд доллар болғанын ескерсек, оның 16,9 пайызға төмендегенін көреміз. 2024 жылдың бірінші тоқсанында ол 5,7 млрд долларды құрады, 2023 жылғы осындай кезеңнің көрсеткішімен салыстырсақ, оның 28 пайызға аз екенін көреміз. Талдау нәтижелері инвестициялардың төмендеуін тау-кен өндіру саласында және өңдеу өнеркәсібінде де тіркелгенін көрсетіп отыр. Мәселен, 2022 жылы тау-кен саласында 12,1 млрд доллар инвестиция тартылса, 2023 жылы 8,4 млрд долларға төмендеп, яғни 30 пайызға қысқарған. 2024 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 2,4 млрд долларды құрап, 2023 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 33,3 пайызға қысқарған. Өңдеу өнеркәсібіндегі осы аралықтағы инвестиция 45,6 пайызға азайғанын көрсетіп отыр", - деді Сенат депутаты.

Ол бұл көрсеткіштердің төмендеуі мемлекеттің осы салаларға көптеп көңіл бөліп отырған жағдайында болып отырғанын жеткізді. 

"Өкінішке қарай, талдау нәтижелері бүгінде ұсынылып отырған инвестициялық жобаларға берілетін салықтық преференциялардың сомасының мәлімделген инвестициялық жобалардың сомасына кейде тең болып немесе одан да көп болып отырған жобалардың бар екенін көрсетіп отыр", - деді сенатор депутаттық сауалында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу