Сенатор Геннадий Шиповских Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында жетім балалар асырап алу үрдісі баяу жүріп жатқанына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Өкінішке қарай, бүгінгі таңда елімізде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың саны азаймай тұр. Бұл қоғамды алаңдататын өзекті мәселелердің бірі. Еліміздің оқу-ағарту министрілігінің мәліметінше, қазір 21 387 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Бұл тек ресми тіркелген дерек. Мемлекетіміз балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жетім балаларды отбасылық ортаға орналастыру үшін түрлі шаралар қабылдап жатыр. Алайда статистикалық деректерге сүйенсек, бала асырап алу үрдісі баяу жүріп жатыр", – деді Геннадий Шиповских.
Мәселен, 5 мыңнан астам азамат бала асырап алу кезегінде тұрғанымен, 2023 жылы – 194, 2024 жылы 153 бала ғана өз отбасын тапқан екен. Депутат бұл көрсеткіштер бала асырап алу жүйесіндегі әкімшілік кедергілердің бар екенін және процестің ұзаққа созылатынын аңғартады деген пікірде.
"Қазіргі таңда жетім балаларды қамқорлығына алғысы келетін азаматтар бюрократиялық кедергілерге тап болып, бала асырап алу процесі бірнеше айға, тіпті жылдарға созылып кететінін алға тартып жатыр. Бұл мәселені оңтайлы шешу үшін бала асырап алу рәсімін жеңілдету, оны цифрландыру, сондай-ақ үміткерлерді қолдау механизмдерін күшейту қажет. Сонымен қатар жетім балалардың құқықтарын қорғау саласында заңбұзушылықтар да кездесіп жатады. Мәселен, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің мәліметіне сәйкес, бала асырап алуға байланысты заңсыз әрекеттер мен сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша 2023 жылы – 4, 2024 жылы да 4 қылмыстық іс қозғалған екен. Бұл бала асырап алу саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру қажеттігін көрсетеді", – деп жалғастырды ол.
Сенатор жетім балалар мемлекеттің қамқорлығына мұқтаж ең әлсіз топ екенін баса айтты.
"Олардың әрқайсысы толыққанды отбасында тәрбиеленуге лайықты. Сондықтан, мемлекет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламалар мен заңнамалық шаралар олардың шынайы қажеттіліктеріне сай болуы керек. Өкінішке қарай, көптеген жетімдеріміз балалар үйінде тәрбиеленіп, отбасының жылуын сезінбей өседі. Бұл олардың болашақта қоғамға бейімделуін қиындатады", – деп есептейді депутат.
Геннадий Шиповских осы мәселеге қатысты бірқатар ұсыныс тастады.
"Бала асырап алу рәсімін жеңілдету және оны цифрландыру, құжаттарды рәсімдеу мен қажетті тексерістерді онлайн форматта өткізу арқылы үміткерлер үшін процесті оңайлату қажет. Жетім балаларды отбасылық ортада тәрбиелеу саясатын күшейту, қамқоршылық пен патронаттық тәрбие жүйесін жетілдіру, патронаттық тәрбиешілерге төленетін қаржылық қолдауды арттыру маңызды. Қоғамдық бақылауды күшейту және асырап алу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам белсенділерін тарту керек. Бала асырап алу саласындағы заңсыздықтарға күресті күшейту қажет, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін қатаң бақылау шараларын енгізу керек", – деді сенатор.