Шаруа қожалықтары сапалы тұқымсыз қаламыз ба деп алаңдаулы

300

Үздіксіз жауын-шашынға орай биыл аймақта 88 мың тонна астық орылмай қалды.

Шаруа қожалықтары сапалы тұқымсыз қаламыз ба деп алаңдаулы Фото: Inbusiness.kz

Қостанай облысында шағын шаруа қожалықтары тұқымсыз қаламыз ба деп алаңдаулы, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Биылғы үздіксіз жауын астықтың сапасын түсіріп жіберді. Тұқымдық дәндер құрамының көрсеткіштері тым төмен. Ал, жергілікті билік өкілдері "көктемгі егіс ойдағыдай өтеді, еш мәселе жоқ" деген сенімде.

Журжа шаруа қожалығы үздіксіз жауған жаңбырдан бидайды әрең жинап алған. Енді қар түскенде майлы дақылдарды орып әлек. Гибридті тұқым сепкендіктен күнбағыстың шығымы жақсы, гектарына 10 центнерден астам. Соны жинап алса, егіншілікке кеткен шығының бір бөлігін жабармын деген үмітте. Ал, жауын шашын бидайдың сапасын түсіріп жіберді. Дымқылдығы жоғары дәндерді амалсыздан тұқымдыққа сақтап отыр.

"Биылғы дәнек тұқымдыққа жарайды деп айта алмаймын. Оның құрамын зертханада зерттеп көру қажет. Әрине, сапасы төмен болары анық, басқа амал жоқ. Нар тәуекел деп егіп көреміз", -дейді Шаруа қожалығының басшысы Владимир Журжа.

Үздіксіз жауын-шашынға орай биыл аймақта 88 мың тонна астық орылмай қалды. Шаруалар төтенше жағдай жариялауды өтінген. Бірақ өтініштері орындалмады. Енді тұқым жайы не болады деп алаңдағанда да билік өкілдері қауіптенетін ештеме жоқ деп селт етпеді.

"Қажетті тұқымның 99,4 пайызы әзірленді. Жергілікті әкімдіктермен, аграрлармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Менің ойымша, көктемгі егіс жұмыстары сәтімен өтеді. Ешқандай қауіп көріп тұрған жоқпыз",- дейді Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедов.

Ибрагим Бекмұхамедовтың айтуынша, азық-түлік келісім шарт корпорациясында 360 мың тонна тұқымға жарайтын қор бар. Құрамына сараптама жасалғанда жоғары нәтиже көрсеткен. Тұқымнан тапшылық көргендер болса содан алады, дейді. Ал, Қазақстан астық өндірушілер одағы жергілікті биліктің берген мұндай есебіне де, статистикалық сараптамаларына сенуден қалған.

"Бұл статистикаға мәліметтер беретін адамдардың кінәсі. Оларды мұндай қадамға итермелейтін бір ақ себеп бар. Аймақ басшыларының қызметі жеткен жетістіктері бойынша бағаланады. Сондықтан олар цифрды құбылтып жазады. Мысалы, былтыр 5 миллион жинадық деп есеп берсе, биыл 5,2 немесе 5,3 миллион орылды деп көрсетеді", - дейді Қазақстан астық өндірушілер одағы құрылтайшылар кеңесінің төрағасы Евгений Ган.

Ресми есеп бойынша жиналған 4 миллиондай өнімнің жартысы сыныпқа жатпайды, тек мал азығына жарамды. Бидай қауызында бүршік жарып, сапасын жоғалтты. Шаруалар көктемде ылғалдылығы 5 пайыз дәнді сеуіп көрмекші. Алайда, "не ексең, соны орасың" демекші одан өндіріп өнім алар-алмасы белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу