Шаруалар сор шаятын су таппай отыр

415

Еліміздің басым бөлігіндегі жұрт тасқын судың астында қаламыз ба деп қорқып жүргенде Жетісай ауданының шаруалары жердің сорын шаю үшін су таппай отыр. 

Шаруалар сор шаятын су таппай отыр Фото: atameken.kz

Егіншілер, мәселенің бұлай болуына аймақтағы ағын суға жауапты "ҚазСуШар" мекемесінің мамандары кінәлі дейді. Себебі, қазанның қақпағын ұстағандар суды шаруаларға тікелей таратудың орнына, ортаға делдал қосып, бағаны екі есеге дейін қымбаттатқан. Соның кесірінен дихандар көктемгі дала жұмыстарына кірісе алмай қиналуда.

Жер емген жандардың жоспары бойынша мына егіс алқабында бүгінде тұз шаю үшін су толып жатуы керек еді. Бірақ көріп тұрғандарыңыздай қазір кесегі кеуіп шаңы шығып жатыр. Бұл өз кезегінде көктемгі егіс жұмыстарының кешігуіне себеп болуы мүмкін. Айтып өтейік, қазір Жетісай ауданында 70 мың гектардай жердің жағдайы осындай.  

Суарылмай жатқан мыңдаған гектар жердің 165 гектары шаруа адамы Сапарбек Адамбековке тиесілі. Ол осыдан 2-3 ай алдын дайындап қойған жерін әлі суара алмай жүр. 

"165 гектар жер бар. Барлығы дайын. Барлық агротехникалықтан өткен. Енді суды күтіп отырмыз. Суды бермей отыр", дейді шаруа Сапарбек Адамбеков.

Егіншілер су тапшылығынан емес, тіршілік нәрінің қымбаттығынан су ала алмай отыр. Өйткені "ҚазСуШар" мекемесінің аудандық бөлімшесі биыл шаруаларға тікелей су беруді тоқтатқан. Дихандар енді ағын суды ортадағы делдалдан алуы тиіс. Салдарынан, судың құны екі еседен де қымбатқа түсуде. Мәселен, Су таратушы мекеме бекіткен баға бойынша бір гектарды суаруға 2100 теңге төлейтін болса, делдал арқылы алғанда ол сома 5500 теңгеге жетеді.

"Мұны былайша біз қылмыстық іс деп есептейміз. Менде салық төлеушімін. Салық төлеуші шаруа қожалығымын. Сол себепті менің осы мемлекеттен тікелей су алуға менің құқығым бар. Олар біздің құқығымызды шектеп отыр", дейді Шаруа қожалығының төрағасы Бақытбек Сүлейменов.

Ал, "ҚазСуШар" мекемесінің ауадандағы өкілі болса ортаға делдалдың килігуін амалдың жоқтығымен байланыстырады. Айтуынша шаруалардан миллиондап ақша алатын мекеменің егіншілерге дейін су жеткізуге мүмкіндігі жоқ.

"Шаруаға апарып береміз деген тариф 701 теңге. Ол 701 мен апарып беретін бізде мүмкіншілік жоқ та. Енді соны басында есептеген жоқсыздар ма? Енді оны есептеген мен емес қой. Маған антимонополияның бекітіп берген қағазын облыстағы басшылар менің қолыма ұстатты", дейді "ҚазСуШар" РМК ТОФ Жетісай өндірістік бөлімінің басшысы Орынбасар Тастанов.

Статистикаға сүйенсек, жалпы Жетсайда 20 мың шаруа қожалыққа тиесілі 80 мың гектардай жер бар. Осы уақытқа дейін соны тек 3500 гектарында ғана сор шаю жұмыстары жүргізілген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 10 есе аз. Су мол болған жылы жағдай осылайша керісінше кері кетіп тұр. Енді бұл шиеленісті шешу үшін, шаруалар тиісті министрліктің араласуын талап етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу