Шетелде сұранысқа ие отандық шприц өз елімізде кәдеге жарамай тұр

785

Атыраудағы "МедСтарЭкспорт" зауыты өнімін ішкі нарыққа шығара алмай отыр. 

Шетелде сұранысқа ие отандық шприц өз елімізде кәдеге жарамай тұр

Шприц өндіретін елдегі жалғыз кәсіпорын үшін тендерге қатысу мұңға айналған. Медициналық тауардың 95 пайызы шетелге экспортталуда. Ал өзімізде шприц тапшы. Мұнайлы өңірдегі емхана мен аурухана басшылары өнімді дәл осы зауыттан қарызға алып отыр. Ал министрліктегілер проблемадан бейхабар.

Қазақстандағы жалғыз шприц зауыты жылына 160 млн дана өнім шығарады. Мұнда пандемия кезінде таптырмаған медициналық бетперде де бар. Өндіріс орны 160 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бәрі жергілікті тұрғындар. 

Кәсіпкер өнімін 2016 жылға дейін елде сатқан. Кейін сауда сап тыйылыпты. Тендерді алған күннің өзінде елдің түкпір түкпіріне жеткізуге қиналады. Сол себепті Үкімет қолдауына мұқтаж.

"Жергілікті өнімді елде сата алмайтынымызға қынжыламын. Бұл тап таза бюрократия деп есептеймін. Нарықтағы баға бәрімізде ортақ. Бірақ шприц елге Қытай мен Өзбекстаннан келеді.Ал біз керісінше көрші мемлекеттерге сатамыз. Бұлай жалғаса берсе, бизнес ілгерілемейді. Жабылып қалуымыз да ғажап емес", дейді "Медстарэкспорт" серіктестігінің директоры Аслан Қабдуллин. 

Қазір елде шприц тапшы. Өзге уақытта ақшаға сатып алмайтын жергілікті медициналық мекемелер оны дәл осы Атыраудағы "Brando" брендінен үнемі қарызға сұрайды. Себебі дистрибютерлер тендерде ұсынылған бағаға қанағаттанбайды. Тасымал да соның кесірінен тежелді. Тегін көмекке мұқтаждардың арасында ЖИТС орталығы да бар. 

"Барлық жерде жоқ.Жалғыз біздің облыста емес, бүкіл республика бойынша жоқ. Біз мемлекеттік сатып алуға саламыз. Бірақ осы уақытқа дейін ешкім шықпады. Біз жергілікті зауытқа шықтық. Олар бізге демеушілікпен берді", дейді Облыстық ЖИТС орталығының директоры Қуаныш Нұрмұханов. 

Облыстағы денсаулық сақтау басқармасының басшысы да отандық өнім өндірісін құп көреді. Проблеманы айтып, министрлікке де талай рет шырылдаған. Ондағылар пайдасыз хат, құрғақ сөзбен құтылатын көрінеді.

"Оны шешетін біз емес.Оның бәрін шешетін СК фармация мен Денсаулық сақтау министрлігі. Олардың жауаптары сөйлесулер арқылы өтеді, сосын олар шешім қабылдайды", дейді Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Бәйдуәлиев.

Өзекті мәселеге қатысты медициналық өнімді жеткізуге міндетті қос бірдей жауапты министрлікке сауал жолдадық. "СК Фармация" өкілдері арнайы тізіммен ғана жұмыс істейтіндерін айтып ақталса, Денсаулық сақтау министрлігіндегілер тіпті  шприц тапшылығы барын білмейді де. Ал келер аптада мұнайлы өңірге елдің бас дәрігері келмек. Зауыттың болашағы сол кезде қаралады дегенді жеткізді.

"Атырау облысындағы денсаулық сақтау басқармасымен хабарласқан кезде, шприц тапшылығы жайлы ақпарат айтқан жоқ. Өйткені оларда бәрі жеткілікті. Келесі апта, не болмаса арғы аптада Атырау облысына ҚР Денсаулық сақтау министрінің жұмыс сапары жоспарланған. Сол кезде зауытқа да барады", дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Дәрі-дәрмек саясаты департаментінің басқарма басшысы Мейіржан Әбдіханұлы. 

Кәсібін 2010 жылы бастаған азамат биліктен әлі үмітін үзбейді. Қолдау болса, зауыт қуаттылығын арттырып, мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға ниетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу