Дотациялық өңір атанса да, Жамбыл облысына шетелдік инвесторлар 3 жылда 360 млрд тг қаржы құймақ. Сусыған сабындай ұстата бермейтін инвесторлар қыруар қаржы салса, 5000 жаңа жұмыс орны ашылады. Алып компанияларды өндірісі аз аймаққа тартуда өңір басшылығы қандай айла-тәсілге көшті? Мега жобалар соңы сұйылып кетпей ме? 9 елден 100 делегат келген инвест форумға шолу.
Жамбыл облысы аймақта бұрын-соңды болмаған халықаралық форумға айлап қамданған. Өйткені дотациялық өңірден донор аймаққа айналуды көздейді. Екі күндік шарада қала іші кептеліс. Қонақүйлер лық толы. Бас-аяғы 900 делегат жүр. Оның 100-і шетелден келген. Көлемді шара өткізуге облыстан 66 млн теңге қаралыпты. Облыс әкімі млрд-тар келетін жобаға млн-дар құюдың өз өтемі бар дейді.
"Бүгінгі күні сол қаражат бөлінген осы 2 күннің ішінде жалпы өзін ақтады. Біздің кәсіпкерлер осы форум аясында пайда көріп жатыр", - деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов.
Дәлірегі форум бұл диалог алаңы. Облыс потенциалын айқындап, қалталыларды бет қарататын мүмкіндік. Инвест форум аясында аймақта 2 зауыт ашылып үлгерді. Бірінде жем шығарса, бірінде картон қағазы өндіріле бастады. Сосын Қордай ауданында құны 50 млрд теңге болатын цемент зауытының құрылысы басталды. Алып тірлік тұраламай, іске қосылса елдегі цемент өндірісінің 35 пайызын құрамақ.
Жалпы өңірден шыққан өнімдер былтыр 17 елге жеткізілген. Шетелдік инвестиция тартуда бұл көрсеткіштерге баса мән берілді. 10 елден келген инвесторлар "Қазақстанның үздік тауары" көрмесіне қатысып, отандық өнім өндірушілердің қауқарын байқады.
"Шу ауданында біз 154 млн доллардың жобасын іске асырмақпыз. 2023 жылдың соңына дейін алғашқы кезеңін тәмамдауымыз қажет. Оның өзі 54 млн долларды құрап отыр. Негізгі кәсібіміз - металл өндірісі. Жамбыл облысының орналасқан аймағы экономикалық жүйеде тиімді", - деді Өзбекстаннан келген инвестор Шавкат Махмудов.
Рас. Тараз қос мегаполис ортасындағы шаһар. "Батыс Қытай- батыс Еуропа" халықаралық автодәлізі - облыс территориясын тұтас басып өтеді. Агро салада да мүмкіндік көп. Қыруар қаржы төкпес бұрын, инвесторлардың илануына осы сеп.
"Жамбыл облысының бір ерекшелігі бізде халық саны көп Өндіріліп жатқан өнімнің көлемі де сол халыққа бөлінеді", - деп түсіндірді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов.
Форум аясында биыл жыл соңына дейін 90 ауылда 271 жоба іске асады. Жоспар құны 13.6 млрд теңге. Айта кетейік, енді инвестициялық форум өткізу жыл сайын дәстүрге айналмақ.