ШҚО-да алтын кенін заңсыз сатқан топтың әрекеті әшкере болды

2013

Ұйымдасқан топ 3,6 млрд теңгенін салығынан жалтарған.

ШҚО-да алтын кенін заңсыз сатқан топтың әрекеті әшкере болды

Шығыс Қазақстан облысының экономикалық тергеу департаменті Өскеменде заңсыз жолмен табылған қаржыны заңдастырып келген қылмыстық топты ұстаған. Бір жылға жалғасқан тергеу 180 томға жетіпті. Бухгалтерлік құжаттарды тексеріп, қолтаңба және техникалық-криминалистік сараптама жүргізген тергеушілер ұйымдасқан топтың 2013-2015 жылдар аралығында заңсыз қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, көлеңкеге жіберіп отырғанын анықтаған.

"2012 жылы Өскеменнің 42 жастағы тұрғыны қара және түсті металл кенін толайым жолмен сататын фирма құрады. 2013 жылы аталмыш фирманың директоры өңірдегі ірі кәсіпорынның бірімен келісімшарт жасап, құрамында алтын бар концентрат сатпақ болады. Ол үшін​ белгісіз адамдардан құжатсыз қабылданған кенді заңдастыру керек болатын. Фирма иесі салықтан жалтарушыларға​ қолдан құжат жасап жүрген компанияны іздеп табады. Әуелі сыбайластар қағаз жүзінде жалған кәсіпорындар құрып, қаржылық-шаруашылық құжаттарды сол кәсіпорындар арқылы рәсімдеп отырған. ​ Ол кәсіпорындардың есепшоттары сол кездегі Астана, Алматы және Өскемен қалаларынан ашылып отырған", – делінген экономикалық тергеу департаменті таратқан баспасөз мәліметінде.

Тергеушілер аталмыш кәсіпорындардың тек қағаз жүзінде ғана жұмыс істегенін дәлелдеді. Штатта ешқандай қызметші жұмыс істемеген, иелігінде көлік, қойма болмаған. Ешқандай тауар жеткізіп, қызмет көрсетпеген. Эскпорттық-импорттық сауда да жасамаған. Қылмыстық топ осы тәсілдің арқасында 3,6 млрд теңгенің салығынан жалтарған.

Тергеу кезінде мемлекетке келген шығынды өтеу үшін сотқа тартылған қылмыстық топ мүшелерінің меншігіндегі бірнеше мүлік тәркіленді. Оның ішінде "Audi A8L", "Toyota Land Cruiser" көліктері, "Mercedes-Benz Sprinter Classic" маркалы 4 автокөлік, Нұр-Cұлтан және Өскемен қалаларындағы 2 пәтер мен жер үй, жер телімдері мен гараж, көлік тұрағы бар. ​ ​
"Қамауға алынғандар жасаған қылмыстарын толық мойындады. Сот қылмыстық топты ұйымдастырған азаматты 4,6 жылға бас бостандығынан айырды. Оның бір сыбайласы 4 жылға сотталса, жалған кәсіпорын директоры 4 жылға бас бостандығынан айырылып,​ 1,3 млрд теңге төлеуге міндеттелді", – делінген департаменттің дерегінде.

Есімжан Нақтыбайұлы
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу