ШҚО-да химиялық заттарды ішіп қою салдарынан 235 бүлдіршін өңеш күйігін алған

1060

Өкінішке қарай, мұндай немқұрайлылық  баланың мүгедек болып, кейде мерт болуына әкеп соғады.

ШҚО-да химиялық заттарды ішіп қою салдарынан 235 бүлдіршін өңеш күйігін алған

Соңғы 11 жылда химиялық заттарды ішіп қою салдарынан өңеш күйігін алған 235 бүлдіршін Өскемендегі "Ана мен бала" орталығында емделіп шыққан. Бұл жөнінде аталмыш медициналық мекеменің хирург-дәрігері Динара Жұманова айтты, деп хабарлайды altaynews.kz.

"Өңештің химиялық күйігі балалардың өңеш аурулары арасында бірінші орынды иеленеді. Өйткені балалардың табиғи қызығушылығы басым. Олардың барлық заттардың "дәмін татып көруге" ұмтылуы және сырты жылтыраған нәрселерді ұстап көруі химикаттардан күйік алуға әкеп соғады. Қажетті дәрі-дәрмектер көлемі мен емдеу әдістерінің көбеуіне қарамастан өңеш күйігінен кейін туындайтын асқынулар саны 30%-ды құрайды. Тұрмыстық химияның жаңа түрлері пайда болған сайын өңеш жарақаттарының түрлері де ұлғаюда. Бұл ауру қарқынының өскенін байқатады", – деді Динара Құдайбергенқызы.

2007-2018 жылдар аралығында Өскемен қаласының "Ана мен бала" орталығында өңештің химиялық күйігін алған 235 бала емделді.

"Дәрігер көмегіне жүгінген балалардың 60 пайызы, яғни 140 бала 1-3 жастағы бүлдіршіндер болса, 70 бала 3-7 жас аралығындағылар ( 30% ), ал 25-і (10%) 7-15 жас аралығындағы жасөспірімдер. Өңеш күйігін алғандардың 39 пайызы ұлдар болса, 61 пайызын қыз балалар құраған. Балалардың өңештің химиялық күйігін алудағы негізгі себеп ата-аналардың тұрмыстық химияны сақтауға немқұрайлылық танытуы болып табылады. Өкінішке қарай, мұндай немқұрайлылық  баланың мүгедек болып қалуына, кейде мерт болуына әкеп соғады", – деп атап өтті Динара Жұманова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу