Шығыс Қазақстан көшкін маусымына дайындықты пысықтады

693

Таулы аймақтарымен танылған Шығыс Қазақстан облысы қысқы маусымға дайындықты бастап кетті.    

Шығыс Қазақстан көшкін маусымына дайындықты пысықтады Фото: azattyq-ruhy.kz

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда қыс мезгілі мен сәйкесінше көшкін қаупі артатын кезеңге әзірлік, мұз қататын уақытта су айдындарында қауіпсіздікті ұйымдастыру жұмыстары талқыланды.

"Қазселденқорғау" ШҚ филиалы басшысының міндетін атқарушы Советбек Станбеков өңірде 15 қарашадан басталатын дайындық жұмыстары жайлы баяндады.

"Шығыс Қазақстан – республиканың қар көшкіні қаупі жоғары өңірлерінің бірі. Мұнда көшкін жүру қаупі бар 497 учаске тіркелген. 336 учаске шаруашылық субъектілері мен адамдардың өміріне қауіп төндіреді. Әсіресе автожол бойындағы ошақтар қауіпті. Жалпы ұзындығы 105 шақырым жол жыл сайын қар көшкініне ұшырайды. Осыған байланысты демалыс аймақтарындағы, шаңғы базаларындағы көшкін қаупі бар жерлерде 48 ескерту орнатылған. Алтай мен Катонқарағай аудандарында қарды ұстап қалатын 70 қалқан жөнделді. Көшкін қаупі туралы халыққа SMS-хабарлама, БАҚ және "Дармен" мобильді қосымшасы арқылы хабарланатын болады", – деді ол.

Мұз қату кезеңінде су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі төңірегінде ШҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Руслан Орынбеков сөз қозғады.

"Облыста мұз үстінде балық аулайтын 54 орын анықталған. Ең көп орын Ұлан ауданында 17, Күршім ауданында 11 және Алтай ауданына 6. Балық аулау кезінде жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында былтыр ТЖД қызметкерлері полициямен, жергілікті атқарушы органдармен және волонтерлік ұйымдармен бірлесіп 129 рет рейд өткізді. Олардың барысында халыққа күзгі-қысқы кезеңде су айдындарында жүріс-тұрыстың негізгі қағидалары айтылды", деді Руслан Орынбеков.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу