Жайлаудан мал түскеннен кейін ашыққан аюлар ойға ойысты. Белгілі болғандай жыртқыштар ауылға шауып, ірі қараларды жарып, тіпті тау бөктеріндегі омарталардың да тас-талқанын шығарған.
Былтыр күзде осы Тайынты ауылын қасқыр шауып, жылқыларды жеп кеткен болатын. Ал биыл аюлар маза бермей тұр. Жоғарғы Тайынты ауылындағы бір ғана қожалықтан 15 күн ішінде 3 бас сиырды жайратып кеткен.
"2 миллион теңгеге жуық шығын келді. 3 бас сиырды жайратып кеткен, оның үстіне 2 бас тана жоқ. Тиісті орындарға шағым түсіргенімізбен, нәтиже жоқ. Аюды атуға болмайды. Енді не істерімізді білмей отырмыз. Кімнен көмек сұраймыз?", – дейді бақташы Асқар Тоқмәдиев.
Аюлар малшылардан бөлек омарташыларға да ойран салған. Араның ұяларын бүлдіріп, елдің үрейін ұшырған.
"Ала жаздайғы еңбегіміз еш кетті. Міне, ара жәшіктерінің тас-талқанын шығарған. Дереу атуға рұқсат бермесе, адамға да шабады. Өйткені ашыққаны соншалық, қорқытсаң да кетпейді. Есесіне қаһарлана түседі", – дейді омарташы Алексей Погодин.
Қазір аю саны көбейгенін жауапты мекеме өкілдері де растап отыр.
Олардың айтуынша, жыртқыштар азықтың жоқтығынан ауылға шабуылдайтын болған. Бірақ оларды атуға шешім шығаруға әлі ерте.
"Заңнамаға өзгерістер енгізе бастады. Мысалы, аң зиян келтірсе, оны жоюға болады. Бірақ ол әлі шешім қабылдауға болатын деңгейге жеткен жоқ", – дейді ШҚО орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі жедел жасақ бастығының орынбасары Василий Ткаченко.
Василий Ткаченко 9 мамырда тұрғындардан тағы да шағым түскенін айтты.
"Бұл жолы ер адам өлген жануардың суретін жіберді. Осы жолы малға аю шапқаны көрініп тұр. Өскеменнен Ұлан ауданына тағы да комиссия аттанады. Ірі қаралардың өлексесі демалыс орындарына қарасты Манат жолының жанынан табылған. Соңғы уақытта біздің өңірде аюлардың көбеюі байқалады, себебі бұл жануарды ешкім дерлік ауламайды", – деді Василий Ткаченко.
Таунар Қайратұлы