Өңірде аралар жаппай қырыла бастады, деп жазады inbusiness.kz Otyrar.kz порталына сілтеме жасап.
Түркістан облысының омарташылары барлығына санитариялық дәрігерлерді кінәлауда. Айтуынша, мамандар аралардың гүлдену кезеңінде кенеге қарсы дезинсекция жұмыстарын жүргізді. Мұны ара шаруашылықтарына ескертпеген.
"Жергілікті СЭС газетке хабарландыру берді. Газет тиражға 31 наурызда шықты. Ал, дезинсекция жұмыстарын 27 наурызда жүргізді. Шардарадағы бал арасының жартысы екі күн ішінде қырылып қалды”, - деді омарташы.
Санитариялық дәрігерлердің сөзінше, бұл аймақта конго-қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу үшін кенелерді емдеу жүргізілген. Мамандар дезинфекциядан бір апта бұрын жергілікті әкімшілікке жазбаша түрде хабар берген.
"Шардара қаласы бойынша бізге осы жоспар бойынша берілген елді мекендердің күзет аймағында бұталы аймақ жоқ. Тек жазық дала. Біз ерітіндіні ашық ауада шаштық. Ара ол жерге қона алмайды, өйткені онда ағаштар жоқ", - деді Түркістан облысы бойынша дезинфекция орталығы филиалы директорының орынбасары Сәуле Сапарова.
Мамандардың айтуынша, аралар басқа да себептермен қырылуы мүмкін. Өлген аралар арнайы сараптамаға жіберілді.
"Біз дезинсекция жасамай тұрып, бізге аралардың өлімі туралы хабарламалар келді. Мүмкін бұл қандай да бір ауру, бәлкім эпидемия. Сондықтан мәселені зерттеп, нақты себебін табу керек. Дезинфекция салдарынан деп қазір кесіп айтуға болмайды", - деді Түркістан облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бақтыораз Елемесов.
Тек үш шаруашылықтың шығыны 10 миллионға жуық теңгені құрап отыр.
"Бүгінгі таңда омарташылар прокуратураға, сотқа жіберілетін құжатты әзірлеп жатыр. Кінәлі адамды табу керек", - деді омарташылар қоғамының төрағасы Төрехан Нұрмұхамедов.
Омарташылардың есептеуінше, биыл олар кем дегенде жүз миллион теңге пайдаға кенелеміз деп ойлаған. Шығынға ұшыраған омарташылар өтемақы талап ететіндіктерін айтады.