Шығыс Қазақстандағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың басым бөлігінің төлқұжаты жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.
Соның салдарынан жолдардың нақты ұзындығы мен техникалық жағдайы туралы деректер сәйкеспей жатады. КСРО кезінде дайындалған төлқұжаттар әбден ескірген. Бұл жол инфрақұрылымын пайдалану мен жөндеуде біршама қиындық туғызып отыр.
ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, облыстық және аудандық маңызы бар автокөлік жолдарының ұзындығы - 4 мың шақырым. Оның 2 мыңына ғана асфальт төселген. Қалған бөлігін қиыршық тасты (1,7 мың шақырым) және қара (240 км) жол құрайды. Сонымен қатар, өңір балансында 488 көпір мен 4577 су өткізгіш құбыр бар.
– Кеңес заманынан бергі бұл жолдар белгілі бір түзетулерден өтті. Оның ішінде ұзындығын, жаңа бағыттарын және жолдардың бойына салынған елді мекендерді атап өтуге болады. Бұның барлығы бюджеттік жоспарлауға, жолдар мен жол инфрақұрылымын күтіп-ұстауға және ағымдағы жөндеуге тікелей әсер етеді. Облыстың барлық дерлік жол желісінде төлқұжат жоқ, – делінген хабарламада.
Қаржылай кедергілер мен технологиялық шешімдер
Жол активтері сапасы ұлттық орталығының хабарлауынша, бір шақырым жолды құжаттау құны 140 мың теңгеден басталады. Көп ауданда бұл жұмыстарға қаржы қарастырылмағандықтан, процесс ұзақ жылға созылып келеді.
2024 жылы 1583 шақырым облыстық маңызы бар автомобиль жолын құжаттау басталды. Десе де аудандық маңызы бар жолдардағы осы жұмыстарды жүргізу әлі жоспарланбаған.
– Біз жолдарды салу, қайта жаңғырту және пайдалануға беру туралы шешімді жылдам қабылдай алмаймыз. Жол қозғалысын ұйымдастыруда қиындықтар туындайды, өйткені жол белгілерінің саны, ғимараттар мен коммуникациялардың бар-жоғы туралы жаңартылған деректер жоқ, – деп түсіндірді Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының инженері Дархан Мұратбек.
2022 жылы Көлік және коммуникация министрлігі әкімдердің рейтингін жол сапасына қарай анықтау әдістемесін әзірлеген. Ал ондағы негізгі көрсеткіштердің бірі – жаңартылған төлқұжаттардың болуы және жолдардың жағдайын аспаптық диагностикалау.
Мәселенің шешімі – жаңа технологиялар
Бұрын құжаттау жұмыстары қолмен жүргізілетін. Бұл көп уақыт пен мол жұмысты талап етті. Бірақ қазір процесті автоматтандыруға мүмкіндік беретін цифрлы технологиялар енгізілуде. Заманауи ІТ шешімдер жол төсемдерін цифрландыруды, трассаның геометриялық параметрлерін, географиялық ақпараттық жүйелермен (GIS) байланыстыратын видеобанктерді қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Бұл технологиялар құжаттауды дәстүрлі әдістерге қарағанда жүздеген есе жылдам жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.
Жол активтері сапасы ұлттық орталығы мамандарының айтуынша, жолдардың төлқұжаттарында жолдың техникалық жағдайы, инженерлік құрылымдары мен нысандары туралы толық ақпарат болады. Мұндай деректер жыл сайын жаңартылып отыруы керек.
Қорыта айтқанда, заманауи технологияларды енгізу құжаттау процесін әлдеқайда жылдамдата алады. Келешекте осылай тек шығыста емес, бүкіл Қазақстан бойынша жол желісін құжаттау мәселесін шешуге әсте болады.