Шымкентте құрылтайшылары үлесін бөлісе алмаған зауыт жұмысы тоқтап тұр

422

Шымкентте ірі металлургия зауытында дау туды. Құрылтайшылар бизнестегі үлестерін өзара бөлісе алмағандықтан цехтардың жұмысы тоқтатылды.  

Шымкентте құрылтайшылары үлесін бөлісе алмаған зауыт жұмысы тоқтап тұр Фото: baq.kz

Қытайлық инвесторлар құны қымбат өндіріс ошағын  жоғалтып аламыз деп қауіптеніп отыр. Atameken Business тілшісі бірлескен кәсіпорын құрылтайшылары арасындағы қарама-қайшылық себебін анықтаған еді.

Болат құю зауыты өткен жылдан бастап пайда таба бастаған, сол кезден қазақстандық серіктестермен арада келіспеушілік туа бастапты. Жергілікті инвесторлар қытайлық әріптестерін ниеті бұзылды деп айыптап отыр. Өйткені қазақстандық үлескерлерге бірнеше жыл дивиденд  төленбеген және әкімшілік жұмыстан толығымен шеттетілген.

Салдарынан тараптар бір-бірінің үстінен сотқа шағымданып, сот процессі 9 айға созылған. 
Қытайлық инвесторлар 18 млрд теңге жұмсалған ірі өндірістен айырылып қаламыз ба деп қауіптенеді. Олардың дерегінше қазақстандық серіктестері қытайлық құрылтайшылардың үстінен  салық органдарына шағымданып, олардың компаниядағы үлесін заңсыз деп тануды талап етіп отыр. Өйткені, қазақстандық нарыққа келген инвесторлар бизнес-иммигрант ретінде виза ресімдеу қажет екенін білмеген, алайда олардың ЖШС-тегі үлесі ресми тіркелген. 

Қытайлық құрылтайшылардың дерегінше, Шымкенттегі ең ірі металлургиялық зауыт 2017 жылы қолданыстағы металл балқыту кәсіпорнының негізінде салына бастады. Қытайлық инвесторлардың қатысуымен жаңа жабдықтар әкелінді, қосалқы станцияның қуаты артты. Кірістілікке тез қол жеткізілді, бірақ содан кейін қазақстандық серіктестермен арада түсініспеушіліктер басталды.

"Зауыт үш жыл бойы салынды. 2021 жылы олар толық қуатына жетті және сол кезде дау туа бастады. Салыққа қатысты талап қойылды. Қазақстандық тараптың өкілі ретінде құрылтайшы Алдыкүл Әмірбекова бізде С-5 визасы жоқ екенін білді. Егер мәмілелер жарамсыз деп танылса, онда ол жалғыз құрылтайшы болып қалады", - деді ҚХР құрылтайшысы Ке Цзяндун.

Қазақстандық инвестор мұндай айыптауларға наразы. Ол қытайлық серіктестерден ақша алмаған, бірақ жабдықтарды толық қытайлық инвестор қойған. Алдыкүл Әмірбекова зауыттың өндірістік істеріне араласпау шартымен, компанияның 13% үлесіне иелік етеді. Ол мұнымен келіскісі келмейді. Ол медиативтік шартқа қазақстандық қызметкерлерді жұмысқа қабылдауға құқығы бар екендігі туралы және егер серіктестер дивидендтерді уақытында төлемесе, оған 40% акция беру туралы тармақты енгізуді талап етеді. 

"Менде 13% болса да, адамдар жұмысқа қабылдауға араласқым келеді.  Кімді жұмысқа алуға болатынын, кімді алуға болмайтынын жақсы білемін. Ал, оларда мұндай ақпарат жоқ. Олар маған, жалпы, араласпаңыз деді. Мен үш жыл жүрдім, қарамадым, олар маған 200 мың жалақы төледі. Сондай - ақ, егер маған дивидендтер уақытында төленбесе, маған 40% бергенін қалаймын", - деді Қазақстанның құрылтайшысы Алдыкүл Әмірбекова.

Инвесторлар арасындағы дау салдарынан жүзден астам адам жұмыссыз отыр. Шымкент әкімдігі уақытша жұмыс іздеуге тырысуда. Кәсіпорын өндірісті толық жұмысқа қосқанда 250 адамды жұмысқа орналастыра алады. Мұнда жылына 500 мың тонна металлургиялық бұйымдар шығарылып, оларды көрші елдерге экспорттауға болады, ал әзірге екі тарап соттасудан аса алмай тұр. 

"Өнім негізінен экспортқа шығарылды, бұл жоба өңірдің экспорттық әлеуетін арттырды.  Сонымен қатар, Шымкентте металлургия саласында бұрын - соңды мұндай ірі жоба қолға алынбаған болатын", - деді Шымкент кәсіпкерлік басқармасының инвестицияларды тарту бөлімінің басшысы Ермек Тұрманов.

Қазіргі уақытта қазақстандық және қытайлық инвесторлардың дауы Шымкент сотында қаралуда.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу