Шымкентте жүк тасымалына рұқсат құжатқа қолдан тапшылық жасаған

710

Көліктік бақылау инспекциясының жұмысы Шымкент қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің назарына ілікті. Аталған қызметтің өкілі Айжамал Кукубаева көліктік бақылау инспекциясы жүйесіндегі былықтарды ашып көрсетті. 

Шымкентте жүк тасымалына рұқсат құжатқа қолдан тапшылық жасаған

Өкілдің айтуынша, бекітілген аумақта инспекцияның жылжымалы бекеті бір жылда көліктердің 15 пайызын ғана тексеру керек. 10 пайызы жүк көлігі болса, 5 пайызы жолаушылар тасымалдаушы көліктер. Іс жүзінде жүк көліктерінің бар-жоғы 6-ақ пайызы инспекция бақылауынан өткен. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет инспекторлардың мобильді регистраторын тексерген. Соның барысында инспекторлардың бақылау жұмысы барысында видеоқұрылғыны қолданбайтыны анықталған. Тіпті жүк көліктерінің салмақ параметрлерін өлшеу барысында мобильді регистраторды қоспағаны, бұл құрылғыдан және USB флеш жинақтаушыдан видеоларды әдейі өшіріп тастағандары белгілі болған. Ал бұл әрекет өрескел заңбұзушылық болып саналады. Жетондағы видеожазбалардан дәлелденгені инспекторлар кезекшілігінде бар-жоғы 1,5 сағаттан видео түсірген. Мәселен бір айлық жұмыста инспекторлардың видеожетонында 13,3 сағат қана видео жазылған. Яғни әр инспектор бір айлық жұмыс барысында небәрі бір жарым күндік жұмыстың видеосын ғана таспаға басқан. Қалған уақыттарда бақылау жүргізілмеді деген сөз. 

Спикер, сонымен бірге шетелдік рұқсаттардың автоматты беру жүйесінің жұмысын сынға алды. Шетелдік рұқсат алу тізімі отандық тасымалдаушылардың бір жылдық өтініші негізінде жасақталады. Рұқсат-бланкі жүргізушілердің қолына тиген соң инспекцияларға үлестіріледі. Алайда мыңдаған фирманың өтініш бергеніне қарамастан, бар-жоғы 1-2 пайызының ғана сұранысы қанағаттандырылады. Ал бүкіл шетелдік рұқсаттарды 10-15 компания алып қояды. Осылайша, олар жүк көліктері тасымалына өздерінше монополия жасап алған. 

– Бланкінің тапшылығы оны беруден бас тартуға негіз деп қарауға болады. Мұндай әрекет қолдан жасалған тапшылық. Оны әдейі тасымалдаушылар шетелдік рұқсат-бланкіні алу үшін логистикалық компанияларға кіріптар болсын істеп отыр. Ресми түрде бланк 1 АЕК (3180 теңге) тұрады. Алайда ол тапшы болғандықтан рұқсат құжаттың құны жүздеген долларға шарықтап кеткен, – деді А.Кукубаева. 

Қысқасы, сыбайлас жемқорлықтың орын алу мүмкіндігін саралау, яғни сыртқы анализ нәтижесінде көліктік бақылау инспекциясына аталған жемқорлық пен заңбұзушылық фактілеріне әкелетін әрекеттерді тез арада жоюға ұсыныс берілді. 

Белгілі адвокат, кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Мелес Сейітжанов сыбайлас жемқорлыққа апаратын жолдарды дер кезінде анықтау жемқорлық схемаларының іс жүзінде орындалуының алдын алады дейді. Сондықтан сыртқы анализ қарапайым тұрғындар мен бизнес өкілдеріне зиянын тигізетін жемқорлық қылмысының ізін кесуде таптырмас механизм екенін айтады.

Әнуар Жұмашбаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу