Қазақстанда тікелей шетелдік инвестициялардың таза ағынының төмендеуі инвесторлардың сенімін жоғалтумен емес, ірі мұнай-газ мегажобаларының аяқталуымен байланысты. Бұл туралы Atameken Business FORUM алаңында Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, қазіргі көрсеткіштердің төмендеуі "Теңізшевройл" және Қашаған (NCOC) жобаларындағы ауқымды құрылыс кезеңдерінің аяқталуымен байланысты. Алдыңғы жылдары бұл жобаларға ондаған миллиард доллар инвестиция салынған.
"Иә, біз таза тікелей инвестициялардың төмендегенін көрдік. Бірақ мұнда өте қарапайым әрі түсінікті себеп бар. Елде мұнай-газ саласындағы ірі құрылыс жұмыстары аяқталды, "Теңізшевройл" (ТШО) мен Қашаған (NCOC) кен орындарындағы кеңейту жобалары да өз мәресіне жетті. Оған ондаған миллиард доллар құйылды. Әрине, мұндай мегажобалар аяқталу кезеңіне өткенде көрсеткіштер номиналды түрде төмендейді. Мұны тым әсірелеп көрсетудің қажеті жоқ. Қазір тек жаңа инвестициялық циклді бастап, жаңа жобаларды іске қосу керек", – деді Ғабидолла Оспанқұлов.
Ол жылына 28-29 млрд доллар инвестиция тарту жөніндегі мақсатты көрсеткіштердің орындалмауына қатысты сынға да жауап берді. Комитет басшысының сөзінше, бұл көрсеткіштер 2029 жылға дейін 150 млрд доллар тарту жөніндегі жалпы мақсатты механикалық түрде жылдарға бөлу арқылы есептелген.
Бұл ретте Оспанқұлов тікелей шетелдік инвестицияларды есептеу әдістемесінің шектеулерін атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық статистика тек компанияның жарғылық капиталына 10 пайыздан жоғары үлеспен салынған инвестицияларды ғана есепке алады, ал компаниялардың кейінгі операциялық қызмет аясындағы капиталдық шығындары көбіне есептен тыс қалады.
Соған қарамастан, БҰҰ (ЮНКТАД) деректеріне сәйкес, Қазақстан Орталық Азияға келетін инвестициялардың 60-70 пайызынан астамын шоғырландырып отыр. Бұдан бөлек, спикердің айтуынша, нақты инвестиция ағыны алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 14 пайызға өскен.
Инвестициялар комитетінің басшысы Ұлттық банктің тікелей шетелдік инвестициялардың таза ағынына қатысты резонанстық деректеріне де тоқталды. Бұған дейін тиісті көрсеткіш минус 1 млрд доллар деңгейінде бағаланған еді.
"Оған қатысты айтар болсақ, былтыр Ұлттық банк осындай статистикалық деректерді жариялаған болатын, ал биыл олар оны ресми түрде түзетіп, қателік жібергендерін мойындады. Негізінде ол жерде минус 2,4 млрд доллар болған", – деді Ғабидолла Оспанқұлов.
Бизнес өкілдері талқылау барысында инфрақұрылымдық шектеулер мәселесін де көтерді. Оспанқұлов елде энергетикалық қуаттың тапшылығы, су ресурстарының жетіспеуі және өндірістік нысандарға апаратын сапалы жолдардың жеткіліксіздігі бар екенін жасырмады.
Оның сөзінше, бюджет мүмкіндіктері шектеулі болғандықтан, үкімет инфрақұрылым салуға инвесторлардың өзін көбірек тартуды жоспарлап отыр, ал олардың шығындары қосымша салықтық жеңілдіктер арқылы өтеледі.
"Бүгінде үкімет келесі шешімге келіп отыр. Егер инвестор өз қаражаты есебінен жобасына қажетті инфрақұрылымды тартса, мемлекет оған қосымша түрде, үстінен айтарлықтай салықтық преференциялар мен жеңілдіктер береді. Бұл мәселені шешудің теңгерімді жолы, әрі инвесторлардың Қазақстанға деген жоғары сенімін тағы да дәлелдейді", – деп қорытындылады СІМ өкілі.