Сиыр етінің биылғы экспорты жоспарланған 15 мың тоннадан асып түспек

984

Сиыр етінің биылғы экспорты жоспарланған 15 мың тоннадан асып түспек

Ауыл шаруашылығының бірінші  вице-министрі Арман Евниев үкіметте салалық бағдарламалардың қалай жүзеге асып жатқаны туралы баяндады, деп хабарлайды primeminister.kz.

Шағын және орта шаруа қожалықтарына негізделген етті мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасы биылғы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап жүзеге асырылуда. Бұл үшін арнайы жеңілдетілген "Сыбаға" несиелік  өнімі іске қосылған.

"Бағдарлама екінші жартыжылдықта қосылғанына қарамастан, биылғы жылдың жоспары асыра орындалды. Бүгінгі күні 600-ден астам фермер несие алған. Фермерлік шаруашылықтардың ірі қара мал сатып алу бойынша жылдық жоспары 50 мың бас болған. 11 айда 67 мыңнан астам өтінім қабылданды, 55 мың басқа арналған несие мақұлданып, берілді. Аналық табынды тұқымдық түрлендіру жоспары 1,0 млн басты құрайды. Бүгінгі күннің өзінде тұқымдық түрлендіруге шамамен 977 мың аналық бас немесе 98% қатысуда", — дейді Арман Евниев.

Министрліктің мәліметіне қарағанда, биылғы жылғы 11 ай нәтижесі бойынша сиыр етін экспорттау көлемі 14,5 мың тонна болған. Сондай-ақ, жыл соңына дейін сиыр етінің экспорты жоспарланған 15 мың тоннадан асып түспек.

Салалық сүт бағдарламасы сүт өндіру көлемін 10 жылда 1 млн тоннаға дейін арттыруды көздейді. Мақсатқа жетудің индикативтік көрсеткіштері айқындалды. 2027 жылға дейін қуаттылығы 400 басқа дейін жететін жаңа 527 отбасылық тауарлық сүт фермасын, қуаттылығы 400 басқа дейін жететін 19 өндірістік тауарлық сүт фермасын ашу жоспарланып отыр.

"Биылдың өзінде 15 тауарлық сүт фермасы іске қосылды. Оның 10-ы — жалпы қуаттылығы 7400 басты құрайтын өндірістік, 5 сүт фермасы — отбасылық. Жылдың аяғына дейін жалпы қуаттылығы 4500 басты құрайтын қосымша 10 ферманы іске қосу жоспарлануда. Осынау мемлекеттік қолдаудың арқасында ұйымдасқан шаруашылықтарда сүт өндіру көлемі  10 айда 1,3 млн тоннаға жетті. Салыстыра кетсек, 2015 жылы ұйымдасқан шаруашылықтар 900 мың тонна сүт өндірген", — деді Евниев.

Миистрліктің айтуынша, дәл ұйымдасқан шаруашылықтар сүттің негізгі бөлігін береді. Аталмыш шаруашылықтар 2017 жылмен салыстырғанда, 10 айдың ішінде 7,8%-ға көп сүт өндірген. Ал, жеке қосалқы шаруашылықтар осы уақыт аралығында небәрі 1,9%-ға ғана артық сүт өндірген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу