"СҚ-Фармация" дәрілік заттарға үстеме бағаны арттыруды көздеп отыр

524

Елімізде дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың азайтылмайтын қоры құрылады.

"СҚ-Фармация" дәрілік заттарға үстеме бағаны арттыруды көздеп отыр Фото: inbusiness.kz

Сәрсенбі күні Астанада "СҚ-Фармация" алаңында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға үстеме бағаны көтеру туралы жобаны талқылау бойынша жария тыңдау өтті, деп жазады inbusiness.kz.

Бірыңғай дистрибьютор ТМККК және МӘМС аясында елдегі медициналық ұйымдарды тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етеді. 

Қоғамдық талқылауға ұсынылған үстеме баға жобасы 2022 жылдың қорытындысы бойынша нақты шығындарға негізделген көрінеді. Бүгінгі таңда "СҚ-Фармацияда" үстеме бағаның 3 пайыздан 7 пайызға дейінгі бес түрлі тариф қолданылады. Бірыңғай дистрибьютор осы үстеме бағаны арттыруды сұрап отыр.

"Бірыңғай дистрибьютордың үстеме бағасы не үшін көтеріліп жатыр? Біздің шығын тек дәрі-дәрмектерді сатып алудан ғана тұрмайды. Оған қоса дәрі мен медициналық бұйымдарды жеткізу, сақтау, тасымалдау, яғни олардың логистикасы да бар. Екіншіден, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың азайтылмайтын қорын құруымыз керек. Бұл елдің барлық медициналық ұйымын дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету үшін қажет. Біз дәрілік заттарды емханалар мен ауруханалардың берген өтінімдері негізінде жеткіземіз. Егер қандай да бір шұғыл немесе төтенше жағдай болса, азайтылмайтын қор "қауіпсіздік жастығы" болады", - деді компанияның баспасөз хатшысы Айгерім Смаилова.

Ол жекеменшік емханаларды дәрімен қамту Бірыңғай дистрибьютор құзырына кірмейтінін еске салды. 

"Дәрі-дәрмектің 60 пайызға жуығы отандық өндірушілерден сатып алынады. Одан кейінгі орында Еуропа елдері тұр. Бұдан басқа дәрілік заттар Қытай, Үндістан секілді елдерден де жеткізіледі", - деді "СҚ-Фармация" ЖШС баспасөз қызметі.

"СҚ-Фармация" ЖШС Басқарма мүшесі Артур Кажибаевтың сөзінше, ең үлкен шығындар логистикалық қызметтерге кетеді.

"Біздің айналым үлкейген сайын логистиканың бағасы да өсіп отыр. Екіншіден, азайтылмайтын қорды ұстап отыруға тағы да ақша керек. Үшіншіден, көп медициналық ұйым бізге уақытылы ақшасын төлемейді. Былтыр бізде кассалық айырмашылық 3 есе болды", - деді ол.  

Жария тыңдауға қатысқан кей сарапшылар "СҚ-Фармация" үстеме бағаны көтерудің себептерін нақты көрсетпеген деп отыр. 

"2009 жылдан бастап 15 пайыздық үстеме болды. Соңғы 10 жыл ішінде үстеме баға аздап төмендеді. Соңғы рет ол 2020 жылы 7 пайызға дейін азайды. Қазір қолданыстағы үстеме бағаның 3 пайыздан 7 пайызға дейінгі 5 санаты бар. Менің тарапымнан сұрақтар көп болды. Үстеме бағаның не үшін көтеріліп жатқанын тағы бір талқылау керек. Одан қандай қауіп-қатер болуы мүмкін, пациенттерге қалай әсер етеді дегендей. Қазір осы жария тыңдау бойынша нақты бір шешім айта алмаймын. Себебі барлық сұраққа жауап ала алмадым", - деді "Фармацевтикалық және медициналық өнімдерді өндірушілер қауымдастығы Қазақстанның ФармМедИндустриясы" атқарушы директоры Гүлдария Манақпаева.

Еуразиялық медициналық қауымдастығы Басқарма төрағасының орынбасары Ермек Ясыловтың сөзінше, үстеме бағаны көтеруден қандай қауіп-қатер болатынын анықтау үшін дұрыс есеп жасалуы тиіс. 

"Бұл үстеме өндіруші, дистрибьютор және т.б. иығына жүк болып артылады.  Қандай тәуекелдер болуы мүмкін? Ең әуелі үстеме бағаның қаншалықты тиімді екенін есептеу керек. Мысалы, бұрын мобрезерв (дәрі-дәрмек қорына арналған қоймалар) "СҚ-Фармацияның" құзыретіне кірмеген, бұл жаңа функция. Оның бір бөлігін Үкімет өз мойнына алады, ал бір бөлігі "СҚ-Фармацияға" артылатынын түсініп отырмыз. Біз олардың ұсынған пайызы қаншалықты дұрыс деген мәселені неге көтердік? "СҚ-Фармация" операциялық жүйені ауыстыру, бағдарламаларды енгізу қажеттілігі туралы айтып отыр. Олардың ұсынып отырған 11 пайызында нақты есепті көргіміз келеді. Кассалық алшақтық ұлғаюдың себебі бола алмайды", - деді Ермек Ясылов.

Жария тыңдау қорытындысы бойынша үстемеақы мөлшері туралы құжаттар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жолданады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу