Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов ауданындағы Возвышенка елдімекеніндегі үйлердің жартысына жуығы биылғы қыста газбен жылытылатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Возвышенка – СҚО-да газдандырылған әзірше алғашқы елдімекен. Бұл бастама "Возвышенка СК" ЖШС директоры Абдурахим Ноқаевтың қаржыландыруының арқасында жүзеге асты. Пилоттық жобаға кәсіпкер 200 млн теңге жұмсаған.
"Газ елдімекенге әкелінеді. Кәсіпкер ауыл шетіне үлкен газ сақтайтын резервуар орнатып, содан ауылға құбыр тартты. Енді тұрғындар көгілдір отынмен баспананы жылытады, ас-су әзірлейді. Су құбыры да тартылды. Бұл ауыл тұрғындарының, әсіресе, зейнеткерлердің тұрмыс жағдайын жақсартуға сеп болды", – дейді Возвышенка ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Османов.
Облыс орталығынан шалғай жатқан Возвышенка елдімекенінде қазір жүзден астам үй бар. Олардың 40 пайызы газбен қамтамасыз етілді. Көгілдір отын негізінен зейнеткерлердің, әлеуметтік сала қызметкерлерінің, серіктестік жұмысшыларының үйлеріне қосылды.
"Баспаналарға Оңтүстік Корея газ қондырғысы орнатылды. Әзірше, қаншалықты тиімді екенін айту қиын. Бір ай өткенде белгілі болады. Басқа тұрғындар әліптің артын бағып отыр. Өйткені біздің өңірде ауылдарда үйлерді газбен жылытқан емес. Егер жақсы нәтиже беріп жатса, елді мекеннің қалған тұрғындары да газдандыру жүйесіне қосылмақ", – дейді Мұрат Османов.
Елдімекендегі "Возвышенка СК" ЖШС негізінен асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Кәсіпкер жақында демалыс орталығын пайдалануға берді. Бұл халыққа бос уақытын өзіне және қоғамға пайдалы өткізуге және түрлі форматтағы іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, елдімекенде Тәуелсіздік алаңы ашылып, 150 орындық дәмхананың құрылысы басталады деп жоспарланған.