СҚО Ильинка ауылында тұрғын үй өртеніп, 4 адам көз жұмд. Бұл туралы ІІМ ТЖК баспасөз қызметі хабарлады.
Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД "112" пультіне Есіл ауданының Ильинка ауылында тұрғын үй өртеніп жатқаны туралы хабар бүгін таңғы 04.01-де түскен.
"Сағат 04.03-те оқиға орнына күштер мен құралдар: АЦ-6-40 (4320) техникасымен Есіл ауданы Явленка ауылы 10-өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамынан 4 адам жіберілді. Оқиға орнына сағат 05.04-те (арақашықтығы 42 шақырым) өрт сөндіру жасағы келген кезде тұрғын үйдің, жабық ауланың, моншаның және шаруашылық құрылыстың толығымен отқа оранғаны, сондай-ақ өрт сөндіру бөлімшесі келгенге дейін үйдің шатыры мен жабыны құлағаны анықталды, сол жерде "Ильинское" ЖШС өрт сөндіру бекетінің ГАЗ-53 АЦ және 2 бірлік бөшкелері бар МТЗ-80 жұмыс істеді",– деп жазылған хабарламада.
Өртті сөндіру кезінде 1969 және 1992 жылдары туған ер адамдар, 1969 жылы туған әйел адам, 2016 жылы туған баланың күйген денесі табылған.
Өрттің шығу себебі мен шығыны анықталуда.