СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өнім қауіпсіздігіне жүргізілген мониторингтің өткен жылғы нәтижелеріне тоқталды, деп жазады inbusiness.kz Петропавловск.news порталына сілтеме жасап.
"Былтыр облыс аумағында 252 сауда нысанында 3100 өнімнің үлгісі сатып алынып, зерттелді. Оның 584-і техникалық талаптар мен нормативтік құжаттаманың талаптарына сәйкес келмеді. Бұл жалпы санның 19%-ын құрайды. Бұдан басқа 1968 үлгі азық-түлік өнімдері мен 1132 азық-түлік емес тауарлар тобының сынамалары зерттелді", - деді департамент басшысының орынбасары Татьяна Горлова әлеуметтік желілерде өткен тікелей эфир барысында.
Оның айтуынша, азық-түлік өнімдерінің 2 мыңға жуық сынамасының 291-і техникалық регламент пен гигиеналық нормативтерге сәйкес келмегендігі анықталды. Ал, азық-түлік емес тауарлар тобының 293 сынамасы немесе 25,8% талапқа сай болмаған.
Тауарларды таңбалаудың бұзылумен байланысты бұзушылықтар жиі таралған. Жалпы құрылымдағы үлесі – 81,4%.
Ақпаратқа сәйкес, санитариялық-химиялық және физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздіктер үлесі 6,2%-ды құрады. Ұнның сынамасында темір мен мырыштың, шұжық өнімдерінде нитриттер мөлшерінің шамадан тыс көп екендігі анықталды. Өндірушілер сүт өнімдеріне өсімдік майлары мен жануарлардың ДНҚ түрлерін қосу арқылы тұтынушыларды алдады.
Сынамалардың 1,6%-ы микробиологиялық көрсеткіштерге сай келмеген. Негізінен бұл ішек таяқшасы тобының бактериялары табылған өңделген ет пен кондитерлік өнімдерге қатысты. Бұдан басқа өнімнің 3%-ға жуығының жарамдылық мерзімі өтіп кеткен.
Бұдан басқа құс еті мен құс өнімдері (23,5%), ет және ет өнімдері (29,9%), балық және балық өнімдері (25%), ұн және макарон өнімдерінде де (6,9%) сәйкессіздіктер анықталған. Сатып алынған киім мен аяқ киім үлгілерінің шамамен 80%-ында таңбалауда бұзушылықтар анықталған.
Ойыншықтар сынамаларының іріктелген санының 70%-ы тиісті көрсеткіштерге сәйкес келмеген.
"Барлығы 170 сынама алынды, оның 93-і талапқа сай емес. Таңбалау бойынша 90 сынамада, токсикологиялық көрсеткіштер бойынша 2 сынамада сәйкессіздіктер болды. Бұл өнімдерде тауардың құрамы, өндірушісі, шығарылған күні туралы ақпарат болмаған. Оның құрамында формальдегидтің мөлшері анықталып отыр. Бұл – Қытайдан әкелінген өнім. Санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша 7 сынама сай болмады. Олардың құрамынан метил спирті, бензол, гептан және фенол анықталды", - деп атап өтті Татьяна Горлова.
2022 жылғы тексеру нәтижелері бойынша 285 хабарлама жіберіліп, бұзушылықтарды жою туралы 166 ұйғарым берілген.
"Былтырғы қорытынды бойынша жергілікті 3 тауар өндірушіге қатысты материалдар стандарттау комитетіне жіберілді. Өнімнің 3 түрі бойынша 2 ұн өндірушісі мен жартылай фабрикаттардың 1 өндірушісінің сертификаттары мен декларациялары қайтарып алынды", - деді департамент басшысының орынбасары.