Солтүстікте де пияз бағасы шарықтап барады

Әлемдік нарықтағы жағдай өз салқынын тигізіп отыр.  

Солтүстікте де пияз бағасы шарықтап барады Фото: Есенжол Исабек

Пәкістандағы су тасқыны, Өзбекстандағы қатты аяз, Қазақстанның пияз экспортына үш айлық шектеу қоюы отандық нарықтағы жағдайды әп-сәтте өзгертті. Оңтүстік өңірлердегі шаруалар шектеудің салдарынан өнімнің шіріп кететінін айтып шырылдаса, солтүстіктегі сауда орындарында баға өзгеріп шыға келді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

                                                                   Пияз өсіру – пайдасы аз іс

Елімізде пияздың дені оңтүстік өңірлерде өсетіні белгілі. Десе де, соңғы жылдары павлодарлық шаруалар да бұл бағытқа бет бұрып, көкөніс өсіруді қолға алды. Сөйтіп, өңір тұрғындары сұранысының жартысына жуығын қамтитын жағдайға жетті. Атап айтсақ, бір жылда Павлодар облысының азаматтары шамамен 12 мың тонна пияз тұтынады. Оның 47%-ы, яғни 5 мың тоннасы - осы өңірдің өнімі. Қалған 7 мың тонна Алматы, Жамбыл облыстарынан жеткізіледі. 

Сырттағы тауар өндірушілерге деген тәуелділіктен арылу үшін биыл пияз тұқымы себілетін егістік аумағын 120 гектарға арттырып, 120,3 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. 
Дегенмен, шаруалардың сөзінше кәсіптің бұл түріне ден қою – машақаты көп іс. Нәпақасын жерден табатындар қанша еңбектенгенімен, солтүстіктің климаты пияз өсіруге аса қолайлы емес. Тұқым, тыңайтқыш қымбатшылығы тағы бар. 

"Пияз өсірудің шығыны көп, табысы аз. Айталық, мен жыл сайын 20 гектар алқапқа тұқым сеуіп, күзде 40-55 тонна өнім жинаймын. Бірақ оны алу оңай емес. Голландиялық қымбат тұқымды шетелден арнайы алдырамыз. Жаз бойы оны суарып, зиянкестерден қорғайтын арнайы қоспаларды пайдаланып, көп күш пен қыруар қаржы жұмсаймыз.  Айтпақшы, көкөністің бұл түрін картоп, сәбізбен бірге сақтауға келмейді. Сол үшін жеке қойма салдық. Осы шығындарды есепке алсақ, пияздан пайда көп дей алмаспыз", - дейді "Альянс" шаруа қожалығының басшысы Александр Бредихин. 

Кәсіпкердің сөзінше, көкөністің көбін күзде егістіктен бірден алып кетеді. Қалғаны көктемде кейін қоймада сақталып, өзге өңірлерден келетін жүк көліктеріне тиеледі әрі жергілікті сауда орындарына жөнелтіледі. Ара-тұра экспортқа да шығарады. Осы орайда кәсіпкер сыртқа сатуға шектеу қоюға болмайды деген пікірін білдірді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сатылымын тежеу тығырыққа тіреуі мүмкін деп санайды. Бұған дейін картоп, қырыққабат экспортына қойылған шектеу соның бір дәлелі. Сол тұста көкөністердің көбі пайдалануға жарамай қалып, шіріп кеткен еді. Пиязды да көктемге дейін сатып үлгермесе, кейін еңбектің бәрі еш кетуі мүмкін деп пайымдайды ол. 

                                                              Бағасы өсті
Павлодарлық пияз жергілікті нарықтың жартысына жуығын ғана қамтамасыз ететіндіктен, өзге өңірлер мен шет мемлекеттерден келетін өнімнің бағасы бірден қымбаттады. Мәселен, бұған дейін облыстағы сауда сөрелерінде бір келі пияздың бағасы 180 теңгеден басталып, 230 теңгеге дейін жететін еді. Қазір ең арзаны – 230 теңге. Жергілікті ірі сауда желілерінде келісі 300 теңгеге таяп қалды. Кейбір шалғай ауылдарда одан асып жығылған көрінеді. Бір келі өнімнің бірден 40-50 теңгеге өсуі кей тұтынушылардың қалтасына салмақ салмай қоймады. 

Айта кетейік, пияз - әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түрінің бірі. Сондықтан оның бағасы да, көлемі де бақылануы тиіс. Бұл ретте "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өңірде пияздан тапшылық болмайды дегенді алға тартып отыр. Қазір қорда оның 250 тоннасы бар. Өнімнің тапшылығы байқалса, мұндағы пияз әлеуметтік сауда орындарына тиімді бағамен жөнелтіледі. Өңірде тұрақтандыру қорының 258 серіктес дүкені бар. 

Жалпы, бұған дейін әкімдіктер қорда барлығы 20,4 мың тонна пияз барын мәлімдеді. Ел билігі сәуір-мамырда Тәжікстаннан "жаңа піскен" 6 мың тонна пияз келетінін хабарлады. Бірақ ол өнім келгенше сауда сөрелеріндегі бағаның тіпті шарықтай түсетін түрі бар. Бұлай жалғаса берсе, тағамды пиязсыз дайындайтын күн алыс емес сыңайлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу