Соңғы 4 жылда 86 лауазымды тұлға азаптау фактісі бойынша сотталды

906

Соңғы 4 жылда 86 лауазымды тұлға азаптау фактісі бойынша сотталды

"Азаптаусыз қоғамға: тәжірибеге  шолу және кейінгі қадамдар" тақырыбында халықаралық конференция өтті. Конференция жұмысына конституциялық кеңестің өкілдері, парламент депутаттары, Жоғарғы сот және орталық құқық қорғау органдарының, ғылыми және адвокаттық қоғамдастықтың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ ұлттық және халықаралық сарапшылар қатысты, деп хабарлайды бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Қазақстанда жыл сайын азаптау және зорлық-зомбылыққа қатысты 700-дей арыз тіркеледі. Соңғы 4 жылда 86 лауазымды тұлға азаптау фактісі бойынша сотталды.  

2017 жылы бас прокуратураның бастамасымен қылмыстық сот төрелігі саласындағы азаптаулар және қатыгездік көрсету мәселелерін кешенді түрде жою мақсатында "Азаптаусыз қоғамға" жобасы ұсынылды.

Жобада азаптауға қарсы күресте әлемдегі үздік тәжірибелер, БҰҰ-ның салалық комитеттерінің стандарттары мен ұсыныстары, сонымен қатар заңнаманың және ұлттық құқықтық жүйенің ерекшеліктері ескерілді. Жобаны 2019 жылға дейін жүзеге асыру жоспарланды.

Бүгінде бас прокуратура азаптаудың алдын алудың тиімділігін қарастыратын жаңа заң жобасын дайындады. Онда адамдарды азаптағандарды жәбірленушімен татуласуына және ісіне өкініш білдіргеніне қарамастан қылмыстық жауаптан босатпау қарастырылған.   

Сонымен қатар, азаптаудың алдын алу мақсатында колонияларды бейнекамералармен жабдықтау мен қызметкерлерін бейнетіркеуіштермен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. 

Өткен жылдың желтоқсан айында қылмыстық процесті жаңғырту туралы заңның қабылдануы азаматтарды сотқа дейінгі сатыда қорғау кепілдігін нығайтуда жаңа серпін берді. Заңға сай  тұлғаларды ұстау мерзімі 72 сағаттан 48 сағатқа, соның ішінде кәмелетке толмағандарды ұстау 24 сағатқа дейін қысқартылды, сондай-ақ сотқа дейінгі сатыда соттың бақылау шегі кеңейтілді, сотқа  тергеу әрекеттерін санкциялау құқығы берілді.

Азаматтардың құқығын қорғауда "Жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры туралы" Заңының қабылдануы – маңызды қадамның бірі. Онда азаптаудың құрбандарына өтемақы төлеудің негіздері айқындалған.

Құқық қорғау органдарындағы сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында азаптаудың алдын алу мақсатында 490 арнайы жауап алу кабинеті бейнеқамералармен жабдықталды. Жауап алынушылардың туыстары жауап алу барысын онлайн режимінде көре алады.

Бұл шаралар құқық қорғау органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағымдардың санын 38-ден 27 мыңға, тергеу жүргізу барысындағы заңсыз амалдардырды 4,7-ден 2,6 мыңға және азаматтарды негізсіз жеткізу фактілерін 112-ден 54-ке дейін төмендетті.

Азаптауларға қатысты қылмыстық істерді тергеп-тексеру сапасын арттыру мақсатында бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың тапсырмасымен Құқық қорғау органдарының академиясы Стамбул хаттамасы негізінде азаптау туралы арыздарды тергеп-тексеру әдістемесін дайындады. Әдістеме барлық құқық қорғау органдары мен мамандандырылған ЖОО-на тәжірибелік қызметінде қолдану және зерделеу үшін жолданды.

Биылғы жылдың ақпан және сәуір айларында еліміздің қылмыстық-атқару жүйесіндегі заңдылық, оның ішінде  азаптауға қарсы іс-қимыл шаралары үйлестіру кеңесінде және ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында қарастырылды. Нәтижесінде бас прокурор азаптау мен зорлыққа қарсы "мүлдем төзбеушілікті" қамтамасыз етуде нақты тапсырмалар берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу