Соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымының тізімін кеңейту ұсынылды

358

Қазіргі таңда 5,6 мыңға жуық қазақстандық банкрот деп танылған. 

Соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымының тізімін кеңейту ұсынылды

Бұл туралы Мәжілісте өткен Парламенттік тыңдауда Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Неғұрлым сұранысқа ие болып отырғаны – соттан тыс банкроттық рәсімі. Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша ғана қолдануға болады. Азаматтар өтініштерді Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, электрондық үкімет порталы арқылы, сондай-ақ Е-salyq Аzamat немесе eGov Mobile мобильді қосымшалары арқылы бере алады", - деді министр.

Ведомство басшысы жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша "Qoldau" деп аталатын жаңа ақпараттық жүйе іске қосылғанын жеткізді. Бұл жүйе арқылы өтініш беру мүмкіндігін, өтініш берушінің тиісті критерийлерге сәйкестігін 24 мемлекеттік орган мен ұйымның базалары арқылы автоматты түрде тексеруге болады.

Ерұлан Жамаубаев келтірген деректерге сәйкес, биылғы 3 наурыздан бастап 68 мыңнан астам өтініш келіп түскен.

"Оның 55 мыңы банкроттық рәсімге сәйкес келмейтіні анықталды. Негізгі себептерге мүліктің болуы, борышкердің қарыз сомасы мен төлем мерзімі бойынша сәйкессіздік және  кредитормен борышты дұрыс реттемеу жатады. Бүгінгі таңда 8 млрд теңгеден астам борыш сомасына 5,6 мыңға жуық азамат банкрот деп танылды. Сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін соттарға 1 200-ге жуық азамат жүгініп, 35-тен астам банкроттыққа қатысты шешім шығарылды", - деп жалғастырды спикер.

Елімізде жекелеген борышкерлер кейбір кедергілер салдарынан банкроттық рәсімін қолдана алмай отырған көрінеді.

Министр осыған байланысты бірқатар норма ұсынылып отырғанын атап өтті.

"Соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымдарының тізбесін кеңейту; азаматтарды соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішке қосымша құжаттар беруден босату; төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін негіздерден өтініш берушінің 12 ай ішінде кредиторлар алдында өтеудің болмау фактісін растауды алып тастау; төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкердің шетелге шығуына тыйымды алып тастау ұсынылады", - деді Жамаубаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу