Су тасқыны: "Орындалмай қалған жұмыстардың соңы ТЖ-ға әкеп соқтырады"

432

Үкімет су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесін әдейі ерте бастан қарастырады. 

Су тасқыны: "Орындалмай қалған жұмыстардың соңы ТЖ-ға әкеп соқтырады" Фото: baq.kz

Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты, деп жазады inbusiness.kz. 

"Көктемге дейін әлі біраз уақыт бар. Дегенмен барлық дайындық шараларын қыс түскенше аяқтау қажет. Су тасқыны қателіктерді кешірмейді. Орындалмай қалған жұмыстар мен бөлінбей қалған қаражаттың соңы төтенше жағдайларға әкеп соқтыруы мүмкін. Өздеріңіз көрдіңіздер, биылғы көктемде оңай болған жоқ. Оңтүстік және батыс өңірлерде су бұру каналдары мен арықтардың, ондағы елдімекендердің маңайында тасқыннан қорғайтын топырақ үйінділерінің болмауы жағдайды қиындатып жіберді", -деді ол.

Премьер-Министрдің сөзінше, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында дренаждық жүйелер қатты жауын-шашынға төтеп бере алмады. Ал Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында бұрыннан бар бөгеттер мен топырақ үйінділерін су шайып кетті. 

"Салдарынан тұрғын үйлерге су жайылып, олар қирап қалды. Ал, Қостанай облысының Шилі ауылында 2020 жылы ғана күрделі жөндеу жүргізілген плотина қирап қалған. Сонымен қатар кей жерлерде қарды уақытылы шығарып, арықтарды тазартып тұруға жете мән берілген жоқ", - деді Үкімет басшысы.

Жол картасы уақытында іске асырылмаса, ол орындалмай қалатыны сөзсіз, деп жалғастырды ол. Әлихан Смайыловтың айтуынша, бұл өз кезегінде материалдық шығын мен су басу қаупін арттыра түседі.

"Мүдделі мемлекеттік органдар осы жылдың соңына дейін жоспарланған су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуын бақылауда күшейту қажет. Екіншіден, өңірлердің әкімдері су тасқынына дайындық бойынша іс-шараларды алдын ала және сапалы өткізуді қамтамасыз етуі қажет. Үшінші. Нысандарды салу кезінде нормалардың сақталмауынан да елдімекендерді су басу жағдайлары қайталанып жатыр. Биыл Атырау, Қостанай және Түркістан облыстарында су басқан үйлер су қорғау белдеуінің аумағында орналасқан. Бұл жерде мүдделі мемлекеттік органдар суға жақын маңда құрылыс салуға жер учаскелерін бөлу туралы талаптарды күшейту қажет", - деді ол.

Төртіншіден, гидротехникалық құрылыстардың жағдайы қатты алаңдатады. Экология министрлігі тек республикалық нысандардың ғана емес, сонымен қатар көп жылдардан бері қараусыз жатқан коммуналдық және жекеменшік су қоймалары мен бөгеттердің де жөндеу жұмыстарын үйлестіруі тиіс, деді Үкімет басшысы. 

"Бесінші. Индустрия министрлігі мен өңір әкімдері жолдарды, көпірлерді, су өткізу құрылыстарын тасқын суды өткізуге дайындау жұмыстарын жалғастыруы керек. Экология министрлігі төтенше жағдайлар және цифрлық даму министрліктерімен бірлесіп, еліміздің барлық өңірлері үшін су тасқынын модельдеу бойынша цифрлық платформа әзірлесін", - деді Премьер-Министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу