Бүгін мәжілісте Аудиторлық палата басшысы Қазақстандағы су саласындағы былықтарды жайып салды. Бұған дейін жайбарақат өмір кешкен бұл кәсіпорынға біраздан бері мұндай тексеріс жүргізілмеген, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Годунованың айтуынша, елдегі су саласын бақылайтын және реттейтін орган миллиардтап қарызға батқан. Ал, халықаралық екі банктен алған қыруар қаражатты дұрыс игермеген.
Елдегі су шаруашылығы нысандарының 60 пайыздан астамы тозған. Биыл бұл сандарды Президент жолдауында айтты. Жыл сайын бюджеттен қыруар қаражат бөлініп жатса да, елдегі бұл сала дұрыс жолға қойылмаған. Cаланы қолға алу үшін Тоқаев Су министрлігін құру туралы тапсырма беріп, өткен жұмысқа жаппай аудит жүргіз деді. Бүгін соның нәтижесі Мәжілісте баяндалды. Біраз жылдан бері судың басы-қасында жүргендер миллиондар емес, миллиардтарды оңды-солды шашып, дегенін істеген.
"Су ресурстары комитетінде және "ҚазСуШарда" жүргізілген аудит шеңберінде шамамен 68 млрд теңге бюджет қаражаты және 693 млрд теңге активтер қамтылды. 3 млрд 300 млн теңге қаржылық бұзушылықтар, 56 млрд теңге бюджет және қарыз қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану, сондай-ақ 2,5 млрд теңге экономикалық шығындар мен жіберіп алған пайда анықталды. Қазіргі таңда бюджетке 1 млрд 700 млн теңге өтелді және қалпына келтірілді", - деді ҚР Жоғары аудиторлық палата басшысы Наталья Годунова.
Годунованың бұл жерде айтып тұрған қарызы Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі мен Ислам Даму Банктерінен алынған. 2017 жылы қос қаржылық институттан 61 жобаға 317 миллион доллар несие рәсімделген. Тексеру барысында 5 жылда 6 жобаның әлі де басталмағаны, ал 37-нің әлі соңына жетпегені анықталған. Алайда бұл былықтың бәрі емес.
"Тағы бір мәселе. Гидротехникалық құрылыстар дайын болмаса да, 2009 жылдан бастап "ҚазСуШар" құны 422 млн теңге болатын Су ресурстарын басқарудың бірыңғай ақпараттық автоматтандырылған жүйесін әзірлеу және енгізу жөніндегі жобаны іске асыруда. Сол бағамен. Осы жүйеге 6 мыңға жуық құрылысты қосу жоспарланған болатын. Аудит жүргізу кезінде 14 жылдан кейін автоматтандырылған гидротехникалық құрылыстардың үлесі 2% немесе 118 объектіні құрады. Оның ішінде 47-де ғана ақпараттық жүйе жұмыс істеп тұр. Яғни, іс жүзінде 1%-дан аз автоматтандырылған. "ҚазСуШардың" өзімен әлі интеграцияланбаған", - дейді ҚР Жоғары аудиторлық палата басшысы Наталья Годунова.
Мәжілісте жиналғандар саланың мұнша бей-берекетсіз жұмысы біліксіз кадрлардың кесірінен де болуы мүмкін деді. Өйткені елдегі барлық суға жауап беретін "ҚазСуШарды" сала маманы емес адамның басқарып жүргені бір талай айтылды. Бұдан бөлек, кәсіпорын басшылары жыл сайын ауысып, бағдарлама аяқталмай қала берген.
"Қазақстандағы су саласындағы негізгі оператор болып табылатын "ҚазСуШардың" төрағасы болып кешегі төрағаның хатшысының тағайындала салуы бұл саладағы жағдайдың қандай мүшкіл екенін көрсетеді", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса.
"Бүгінде ол азамат тура сол қызметте жұмыс істемейді. Ол бас директордың міндетін атқарушы болып жұмыс істеген, қазір ол бөлім басшысы болып жұмысын атқарып жатыр", - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Иесіз қалған үйірдей жылдар бойы бақылаусыз сандалған саланы құр сөзбен емес, шынайы іске кірісіп реттемесе жағдай мүшкіл болуы мүмкін деді жиналғандар. Депутат Пономарев Қазақстанды ғана емес, барша әлемді ойландырып қойған су үшін 2050 жылы соғыс болуы мүмкін деген болжам да айтты. Ал біздің елде министрлік құрылғанмен елде 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдаманың өзі бекітілмей жатыр. Сондықтан сала әлі де бір бағытта бет ала алмай отыр. Үш сағат бойы жарыса сөйлеген мәжілісмендер біраз ойды ортаға салды, сынады. Соңында тіршілік нәрін үнемдеуді әр адам өзінен бастау керек деген сөзге тоқтады.