Аспаннан есепсіз шұға жауса да, Арал теңізіне "ұлтарақ" бұйырмағаны қалай?
Көктемде жер-көкті жайпаған қарғын судан көз ашпаймыз, ал жазда аңқасы кепкен өзен-көл, канал-арықтар көп. Мұның себебін білікті маман сөз етті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі
- Соңғы кезде жағдайы әлемді алаңдатқан Каспий теңізі көтеріліп келе жатыр. Бұл үшін Жайықтың аван-атырауында қыруар жұмыстар атқарылды. Оңтүстік өзендеріміз даладағы топан-тасқын бедерінде біршама тыншу болғанмен, олардың да арналарына қарғын тепті. Сонан болар, Балқаш деңгейі де 15 сантиметр көтеріліпті деген жақсы лепес бар. Жетісудың жеті өзенінің бесеуі бірдей ұмтылатын Балқаштың бағы ашылардай… Тек, сор-тұзы қалың Арал ғана…
Сырдария ағыны соңғы екі жыл бедерінде жаман болған жоқ. Қарғын су біраз күш байқатқан өткен жылы да, мына, айтулы 2024-те де сол молшылықтан Аралға 2 текше метрге жетпейтін су түсті. Бұл – өлмеші теңіз ғана емес, өмір үмітті кіші Солтүстік Арал айдыны үшін де тым аз сыбаға. Былтыр түскен 1,5 текше метр су, биылғы 1,6 текше метр су – бұл айдынның құрсағына шыр қоспақ түгіл, булану шығынын да жаба алмайтын шама. Көзге ұратын бір "қызық" жайт байқаймын (осылай салыстыруға мәжбүрлік бар): Балқаштың күретамыры Іле туралы айтқанда, іздеулі 11-14 текше метр судың осы айдын тіршілігі үшін қажеттілігі бірінші кезекте алға өткір қойылады, - дейді су саласының сарапшысы Сайлаубай Жұбатырұлы.
Өзге өңірлердегі жағдайды бес саусағындай білетін ол Сыр өзеніне түсетін судың көлемі көңіл көншітпейтінін, оның Арал теңізіне құятын үлесі тіпті аз екенін айтады. Шынын айтқанда, соңғы жылдары ғана қызылордалық диқандар суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беріп жүр. Мұның өзі суды үнемдеудің тәсілі саналып отыр.
- Сырға сырттан келер 11,1 текше метр су сөз болса (өзіміздің Қаратаудан өнетін 7 текше метр шаманы айтпайық), егістік пен шаруашылық уәжі бәрін баса береді. "Аспаннан шұға жауғанда, Аралға ұлтарақ бұйырмайтын" кемшін-қалдық сыбаға нобайы осыдан шығып жатыр. Иә, төменгі Сырда сусамыр дақыл ауданы 10 мың гектарға азайып, Түркістан облысында мақта, майлы дақылдар ауданы 75 мың гектарға түскені шүкіршілікпен айтылып жүр. Әйтсе де, Жетісу ахуалымен салыстырғанда, Сыр бойындағы біржақты саясат әлі де айылын жимай тұрған жайы бар. "Әдемі өлуге тиіс, сұрауы жоқ Арал" туралы баяғы сірі көзқарас салқыны әлі күнге біраз көңілдерде жүрген сыңайлы… Өткен тарих зілі, жұртшылық діліне әбден сіңіп қалған сірі дәстүр, көзқарастарды өзгерту, шаруашылықтарды тиімді әртараптандыру мемлекет қолдауымен, қарымды саяси шешіммен ғана ойдағыдай жүзеге асуы мүмкін екенін, осы орайда тағы бір еске салу қажеттігі бар, - деп сөзін жалғайды ол.
Эколог Сайлаубай Жұбатырұлы күн райының бұзылуы, экологиялық апатты қолдан жасау турасындағы ойын да айта кетті. Ең өкініштісі, 60 жылдық теңіз қасіретіннен сабақ алмағанымыз болып отыр.
- Гектарларға емес, Арал, Балқаш сияқты қом суларымызға барып жатқан ағын – босқа, әлде, арамға кетіп жатқан ризық емес. Ол – салауатты төл табиғатымыздың өз сыбағасы, соның өмірі кепілі. Жерімізге түсер жауын-шашын, таулардан келер өзен бастаулары соларға байланысты. Сол сулар қусырылған сайын, ауа райы ысынып не ызғырықтанып, жер-дүние қытымыр тарта бермек. Егінжай арықтарымыздың судан қақсып қалып жатуы да сонан. 60 жылдық Арал қасіретінен осындай сабақ алсақ игі. Кешегі тарихта Аралды өлтіріп, жазғы сабат, қысқы ықтырмамыздан айырылып, кең-байтағымызға айна-қатесі жоқ экологиялық апат әкеліп едік, енді бүгін, имандылықтың алғашқы толқынында бір көтеріле қалған Кіші Аралдың 10 млрд текше метрдей суын жоқ етіп, сол экологиялық қасіреттің "екінші толқынына" жол ашып бережақ сияқтымыз. Жаздыкүнгі отты аптап, қысқы ызғырық-үскірік, құрғақшылық, топансу – бір реттен, сондай жағдайлар "игіліктері". Осы екі араның байланысын ұққан кезде, біздің экологиялық деңгейіміз біршама биік дәрежеге жетер ме еді?!