Қызылорда топырағы – талай ұлт зиялысының шабытының шарықтау шегіне куә болған мекен.
Биыл үш бәйтеректің бірі – Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толып отыр. Осыған орай, inbusiness.kz тілшісі облыстық кітапханаға барып, ақынның құнды кітаптарымен танысып қайтты.
1927 жылы С.Сейфуллиннің Қызылордада Халық ағарту институтының ректоры болып тағайындалғаны белгілі. Бұл – қазiргi Ғылым академиясы секілді мекеме. Ақынның "Көкшетау" поэмасының соңғы тараулары да Сыр елінде жазылған деген дерек бар. Мұнан өзге көптеген еңбегі осы жерден басылып шыққан.
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының негізгі қорларды сақтау бөлімінің меңгерушісі Гүлдерайым Қосназарова мұндағы әр кітаптың, қолжазбаның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, С.Сейфуллиннің сақталған кітаптарын тізбектеді.
– 2005 жылы "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының "Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры" ашылғанда 276 дана болса, жылдан-жылға жалпы кітап қоры мен құнды басылымдар молая түсті. Қазіргі таңда қор көлемі – 1003 дана. Барлық әдебиет кітапхананың ВЕБ-РАБИС бағдарламасының "Сирек кітаптар мәліметтер базасына" енгізілген және каталогтар бөлімінде көрсетілген.
Қызылорда – Қазақстанның алғашқы астанасы болған 1926-1929 жылдар аралығында ұлт зиялылары Ж.Аймауытұлының "Психология", С.Мұқановтың "Ақындар шашуы", Т.Рысқұловтың "Қазақстан", Ә.Тәжібаевтың "Некоторые страны света", А.Тоқмағамбетовтың "Тазалық тәрбие", І.Жансүгіровтің "Шәркей" жинағы және С.Сейфуллиннің "Экспресс", "Союз и труддоговор защита батраков", "Ұлт театры туралы" (бәрі 1926 жылы), "Қазақстанда халық ағарту мәселелері", Доклад Садвакасова "О состоянии и перстивах дела народного образования в Казахстане" (1-й Всеказакский учительский сьезд) (1927 ж), "Тұрмыс толқынында", "Жер қазғандар" (1928) кітаптары басылды.
Бұл кітаптардың ерекшелігі – араб алфавитіндегі төте жазумен жазылғандығында. Кітаптар ғалымдар, оқытушылар, білім алушылар мен ғылыми жобамен айналысатын оқушылар үшін таптырмас мүмкіндік сыйлайды, - деді ол.
Ал ақын Ұлықбек Бекұзақұлы "Қызылорда астана болған уақытта руханияттың да бас қаласы саналды" деген пікірін айтады. Жалпы, төте жазумен сақталған құнды дүниелер уақыт озған сайын құндылығын арттыра бермек.
– Ел астанасын Орынбордан қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сырдың бойына ауыстырудың да түп негізінде үлкен мүдделер жатты. Әр түкпірден келіп, астана төрінде бас біріктірген Алаш арыстарының бар ісі қазақтың тұғырлы тарихына тіреу болды. Қызылорда қаласында Сәкен Сейфуллин төрағалық ететін Қазақстан жазушыларының қауымдастығы да құрылғаны белгілі. Демек, Сыр елі – сол уақытта әдебиеттің де рухани астанасы саналды. Мысалы, Бейімбет Майлин "Шұғаның белгісін", Сәкен Сейфуллин "Экспресін" Ақмешітте жазды, осындағы баспаханадан шығарды. Мұның өзі – ұғынғанға тарих. Жалпы, Қызылордада ұлт зиялылары жайлы зерттеуді қажет ететін көптеген дерек бар, - дейді ол.