Сыр шаруалары су тапшылығын қалай айналып өтпек?

Қызылордалық диқандар биыл да суды аз керек ететін дақылдарға басымдық береді.  Сондай-ақ, атызды лазермен тегістеп, егінді форвордтық әдіспен егіп, жаңбырлатып және тамшылатып суаруды көбейтуде.  

Сыр шаруалары су тапшылығын қалай айналып өтпек? Фото: Бағдат Есжанов

Сыр салысының өзі өткен жылға қарағанда 5 мың гектар кем егіледі деп жоспарланған. Су лимитіне байланысты көлемі әлі де азаюы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен жиында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев су тапшылығына байланысты атқарылған жұмыстарды айтып өтті. 

- Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнім көлемін 5 жылда 2 есеге арттыру тапсырмасына сәйкес, облыста 187 мың гектар жерге дақылдар егіледі. Оның ішінде күріш көлемі – 83,9 мың гектар. Өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемін 6,4 мың гектарға, оның ішінде күрішті 5 мың гектарға азайттық. Орнына суды аз қажет ететін дақылдар егісін арттырамыз.

Сырдария өзеніндегі су шаруашылығы жағдайы күрделі болғандықтан, су лимиті әлі белгіленбеген. Мемлекетаралық Су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының 86-шы отырысында вегетация кезеңіне су лимиті белгіленгеннен кейін егіс көлемі қайта нақтыланатын болады. Бөлінген лимитке сәйкес күріш егісі әлі де қысқаруы мүмкін. Өңірде көктемгі егін егу жұмыстары наурыз айының 1-ші онкүндігінде басталды, мамырда аяқталады. Күріш сәуір айының 3-ші онкүндігінде себіле бастайды. Ерте егілетін дақылдар – жаңа жоңышқа, жаздық бидай, арпа, мақсары, қант құмайы жерге орналастырылуда. Бүгінгі күнге 16,5 мың гектары егілді, - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықты суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға шақырып, жағдайды ашық жеткізген-ді.

- ...Түркістан және Қызылорда облыстарындағы жағдай мүшкіл, құрғақшылық қаупі аса жоғары. Сондықтан, суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту керек, су үнемдейтін технологияны енгізу қажет. Ахуалды жақсарту үшін батыл әрекет жасау керек", - деген болатын Мемлекет басшысы.

Қызылорда облысында су үнемдейтін озық технологияны енгізу биыл 4,2 мың гектарға жеткізіледі. Оның ішінде тамшылатып суару әдісімен "Таң ЛТД" ЖШС 800 гектарға жүгері, "Qaratau Fruits" ШҚ 80 гектарға қарқынды бақ, "Ер Әлі" ШҚ 15 гектарға, майда шаруашылықтар 1800 гектарға, жеке қожалықтар 1005 гектарға көкөніс, бақша егеді. Жаңбырлатып суару әдісімен "РЗА Агро" ЖШС 260 гектарға сүрлемдік жүгері, "Gamil Pro" ШҚ 200 гектарға жоңышқа, "Жетікөл Жер" ЖШС 40 гектарға күнбағыс егуді жоспарлаған.

Су үнемдеудің бірден-бір жолы – атыздарды лазермен тегістеу. Биыл күріш алқаптарының 70 пайызына осы әдіс қолданылмақ.

"Бұл суды 20 пайызға дейін үнемдейді және өнімділікті 30 пайызға дейін арттырады", - дейді мамандар.

Су тапшылығы жағдайында суды екінші рет пайдалану үшін өңірде 351 су насосы дайын тұр. Шаруашылықтардың қажеттілігіне сәйкес 12,9 мың тонна арзандатылған дизель бөлініп, 1 литрі 250 теңгеден босатылып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу