Бұған дейін дзюдодан жоғары санатты бапкер Қален Қалиұлының халықаралық жарыста шәкірттеріне көрермендер арасында отырып ақыл-кеңесін айғайлап айтқаны белгілі болған-ды.
Әлеуметтік желіде спорт журналистері мен сарапшылары спортшылардың жеке жаттықтырушысы жарыс уақытында жанында болуы керегін айтады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жалпы, Қытай елінің Ханчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарында дзюдодан қазақстандық татами шеберлері 1 күміс, 4 қола медальді қоржынға салғанын көпшілік жақсы біледі. Сондағы үш қоланы дзюдодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қален Қалиұлының шәкірттері қызылордадық дзюдошылар Мағжан Шамшадин, Абылайхан Жұбаназар және Нұрлыхан Шархан алған болатын.
Кеше ғана Франция астанасы Парижде өткен Grand Slam турнирінде Нұрлыхан Шархан 100 келі салмақта тағы қола медаль алып, қалың қазақты қуантты. Сонда спортшының жеке бапкерінің трибунада айғайлап отырған видеосы жарияланды. Яғни, оның аккредитациясы болмағандықтан, жаттығу залына кіруге рұқсаты жоқ. Ол аздай Қален Қалиұлының бірнеше жылдан бері жарыстарға өз қаражатымен барып жүргені белгілі болды.
Спорт журналисі Айбек Мұханов бұл ақпаратты естігенде қатты таңғалғанын айтады.
"Шетелдегі жарыстарда спортшыларымыз неге жүлде алмайды десек, жеке бапкерлері трибунада отырып шәкіртінің белдескенін көріп қайтады екен ғой. Біздер оларды жазамыз "жүлде алмады" деп сынаймыз. Тренердің жұмысы қиын әрі аянышты екен. Бәсе, Асхат Житкеев пен Айбек Имашев неге жаттықтырушылықтан кетті десек... Біліп кеткен екен ғой", - дейді ол.
Сондай-ақ, ол "Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев бұл жағдайды біле ме екен?" деп сұрақ қояды.
"Жазғы Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионатының қола жүлдегері Дидар Хамза деген Түркістанның тумасы бар. Бәрімізге таныс. Былтыр карьерасын аяқтады. Бар болғаны – 26 жаста. Француздар елге келді де, Дидар дзюдодан кетті. Дидар олармен сыйыспай кеткен. Әкесі дзюдодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Файзиевке ұлттық құрама командада орын жоқ. Әйтпесе, баласы Дидар Хамза 91 келі салмақта әлемдік рейтингте 35-орында екен. Әлі де оған жарыстарға қатысып, ұпай жинап Париж олимпиадасында бақ сынауға мүмкіндік бар еді. Әкесін ұлттық құрамадан, ұлын спорттан қуған кім екен? Осыдан кейін қазақ дзюдосы қайдан дамиды? Жалпы бұл біз білмейтін былықтардың шеті ғана сияқты", - деп сөзін жалғастырды журналист.
Қызылордалық бапкер отандық спорт сайтына берген сұқбатында халықаралық жарыстарға көбіне өз қаражатымен баратынын ашық айтқан. Кейде Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы қаржылай қолдау көрсетеді екен.