Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мереке қарсаңында Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан 40 пәтерлі екі үйдің кілтін тұрғындарға табыстады. Пәтер иелерін жаңа қоныстарымен құттықтап, құрылыс саласындағы аймақтың жетістіктерін атап өтті, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.
"Қазақстан тәуелсіздік жылдарында толымды табыстарға қол жеткізсе, оған Сыр елі де өз үлесін қосып келеді. Соңғы жылдары аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналды. Биылғы жылы облыста барлық қаржыландыру көздерінен 1 946 пәтерді құрайтын 98 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Қызылорда қаласында жыл басынан бері 580 пәтерді құрайтын 15 тұрғын үй пайдалануға берілді. Тағы бір мақтанышпен айтатын жаңалығымыз жыл аяғына дейін қаламызда 680 пәтерді құрайтын 14 арендалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қабылданады",– деді әкім.
Қазіргі таңда Қызылорда қаласында 1 741 пәтерлік 38 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сырдария өзенінің сол жағалауында құрылысы жүргізіліп жатқан 725 пәтерлік 15 көпқабатты тұрғын үйдің 14-і биыл табысталмақ. 2021 жылы СПМК-70 тұрғын ауданы бойынша13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек.