Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары екіжақты қатынастардың барлық спектрі бойынша көп жоспарлы өзара іс-қимылмен сипатталатын кеңейтілген стратегиялық әріптестікті дамытуға ниетті. Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның шақыруы бойынша Вашингтонға екі күндік ресми сапары барысындағы келіссөздердің негізгі лейтмотивы осындай, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Мұхтар Тілеубердінің Вашингтон қаласына сапарының бағдарламасы Мемлекеттік департаменттегі өзінің әріптесі Майк Помпеомен екіжақты кездесуінен басталды.
"Біз сенім мен өзара түсіністік рухында дамып келе жатқан АҚШ-пен ынтымақтастығымызды одан әрі кеңейтуге үлкен мән береміз. Осының арқасында Қазақстан мен Құрама Штаттар кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне жетті, ол ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы қаңтардағы Вашингтонға ресми сапарының қорытындысы бойынша бекітілді", – деді Қазақстан СІМ басшысы.
Қазақстанның АҚШ-пен өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға бейімділігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылғы қыркүйекте Нью-Йоркке жасаған сапары барысында атап өтілді.
"Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекет, оған Құрама Штаттар өңірдегі сенімді серіктес ретінде сенеді. Біз сіздің еліңізді өңірлік қауіпсіздікті қолдаудағы басты серіктес деп санаймыз", – деді Мемлекеттік хатшы Майк Помпео.
Сол күні Министр М. Тілеуберді Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің басшылығымен және Қазақстанның "достар тобындағы" АҚШ конгрессмендерімен келіссөздер жүргізді.
Сыртқы саяси күн тәртібіндегі экономикалық дипломатияның басымдылығын ескере отырып, СІМ басшысы Дүниежүзілік банктің Вашингтондағы штаб-пәтеріне барды. Еуропа және Орталық Азия бойынша Вице-президенті Сирил Мюллермен кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Банк тобының қаржы институттары арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. С. Мюллер Дүниежүзілік Банктің Директорлар кеңесі 2020-2025 жылдарға арналған Дүниежүзілік банктің елдік серіктестік стратегиясын мақұлдағанын хабарлады. Тараптар сондай-ақ 2020-2024 жылдарға ауыл шаруашылығын дамыту саласындағы бірлескен жобаны талқылады.