Сыртқы саясат: Қазақстанның әлемдік және аймақтық аренадағы өзіндік орны

137

Қазақстан егемендік алған кезден бастап өзінің сыртқы саясатында өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті басты басымдықтардың бірі ретінде айқындады. 

Сыртқы саясат: Қазақстанның әлемдік және аймақтық аренадағы өзіндік орны  Фото: akorda.kz

Сол уақыттан бері еліміз бұл бағыттағы ұстанымына берік болып, халықаралық деңгейде белсенді жұмыс істеп келеді. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес, көпжақты ынтымақтастық қағидаттарын берік ұстанып, жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге атсалысып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Еліміздің сыртқы саясаттағы бастамалары әлемдік деңгейде мойындалып, бірқатар халықаралық ұйымдардың қызметінде маңызды рөл атқарды.

Бейбітшілік бастамалары  

Қазақстан ядролық қарудан бас тарту ісінде көпке үлгі. Олай деуімізге себеп те жоқ емес. 1991 жылы Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы республиканың жаһандық қарусыздану жолындағы тарихи қадамы іспеттес. Бұл шешім халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды. БҰҰ-ның шешімімен ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы келісімге жол ашылып, Қазақстан оған алғашқылардың бірі болып қол қойды.

Кейін 1992 жылы 22 мамырда Лиссабон хаттамасына қол қойылды. 1993 жылы еліміз Ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қосылды. 1995 жылы ел аумағындағы барлық ядролық қару Ресейге шығарылды. Осылайша, еліміз ядролық қарусыз әлем құру жолына аяқ басты. 

Жалпы алғанда, сарапшылар Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартуына жаһандық қауіпсіздікке қосқан баға жетпес үлесі деп баға берді. Еліміз әлемдегі төртінші ядролық әлеуеттен бас тарту арқылы тек өз халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың қауіпсіздігін де алдыңғы орынға қойды. Бұл қадам халықаралық қатынастарда бейбітшілік пен сенімге негізделген жаңа дәуірдің бастамасы болды. 

Халықаралық ұйымдармен байланыс  

Қазақстан БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ИЫҰ және ЕАЭО секілді халықаралық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатты. 2017 жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі атанды. Айта кетерлігі, еліміздің бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту жолындағы ұстанымы жоғары бағаланып отыр. Мәселен, 2024 жылы Қазақстан бірқатар беделді халықаралық ұйымдарға төрағалық етті. Олардың қатарында Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы мен Халықаралық Аралды құтқару қоры секілді құрылымдары бар. Осы ұйымдардың әрқайсысы төрткүл дүниедегі маңызды мәселелерді шешуде айтарлықтай рөл атқарып отырғаны белгілі.  

Бітімгершілік миссиялар

2007 жылдан бері Қазақстанның әскери қызметшілері БҰҰ-ның Непал, Батыс Сахара, Кот-д’Ивуар және Ливандағы бейбітшілік миссияларына қатысты. 1992-2001 жылдары аралығында еліміздің Қарулы Күштері мен өзге де әскери құрылымдарынан 9 мыңнан астам сарбаз Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасындағы ТМД сыртқы шептерін күзетуге жұмылдырылды. Ал 2003-2008 жылдары 300-ден аса отандық әскери қызметші "Қазбат" құрамында Ирактағы бітімгерлік миссия барысында міндеттерді атқарды. 

Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының міндеттері мен мақсаттарын құрметтейді. Біз БҰҰ Бас хатшысы ұсынған реформаларды, соның ішінде бітімгерлік миссияларды қолдаймыз. Біз бітімгерлік қызметтің тиімділігін арттыру үшін ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Өкінішке қарай, қазіргі әлем өте құбылмалы болып тұр. Сондықтан, біздің бірлескен қызметіміз жер шарын мейлінше тұрақты әрі қауіпсіз етеді деп үміттенемін" деген еді. Расында да, бітімгерлік қызмет – Қазақстанның халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған сыртқы саясатының маңызды бөлігі.

Биылғы көктемде де қазақстандық бітімгерлердің екінші тобы Голан жоталарына аттанып, БҰҰ миссиясы аясындағы маңызды міндеттерді атқаруға кірісті. Олар атысты тоқтату режимін сақтау, аумақты патрульдеу, бақылау-өткізу бекеттерін күзету сияқты міндеттерді атқарады. Сонымен қатар, жарылғыш заттарды залалсыздандыру сынды тапсырмаларға да жауапты. Айта кету керек, осы аумақта бұған дейін қызмет атқарған қазақстандық бітімгерлер өздеріне жүктелген міндеттерді жоғары деңгейде орындады. 

Келіссөздер алаңын ұсыну 

Елімізд халықаралық және аймақтық жанжалдарды реттеуде бейтарап келіссөз алаңын ұсыну бағытында да жұмыс істеп келеді. Қазақстанның бұл тұстағы ұстанымы – шиеленістерді дипломатиялық жолмен шешуге барынша қолдау көрсету, сенімді диалог алаңына айналу. Солардың бірқатарына  тоқталып өтсек. 2013 жылы Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздерге Алматыда бейтарап алаң ұсынылды. Осы кездесудің нәтижесі бойынша араға екі жыл салып бірлескен кешенді іс-қимыл жоспары қабылданды. 

2017 жылдан бері Сирия мәселесін бейбіт жолмен шешу мақсатында Астана процесі қолға алынды. Елордада Сирия билігі, оппозициялық топтар, Ресей, Түркия және Иран сынды мемлекеттердің қатысуымен келіссөздер жүргізілді. Астана процесі халықаралық қауымдастық тарапынан қолдау тапты. Себебі мұнда түйіткілді мәселелердің шешімі ұсынылып, тараптардың үні естілді.  

2024 жылы еліміз Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт диалог орнату үшін алаң ұсынды. Бұл да қос тараптың шиеленісін айтарлықтай азайтуға серпін берді. Осы секілді бастамалар Қазақстанның халықаралық сенімге ие ел екенін тағы бір дәлелдейді.

Орталық Азиядағы тың бастамалар

Орталық Азия – ғасырлар бойы бір-біріне жақын мәдениеттер тоғысқан аймақ. Елдердің географиялық тұрғыдан жақын орналасуы түрлі халықтардың ынтымақтастық орнатуына мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда Орталық Азия елдерінің халықаралық саясаттағы рөлі артып келе жатыр деп сеніммен айта аламыз. Себебі қазір аймақтағы өзара ықпалдастық жаңа деңгейге көтерілді.

Соңғы жылдары "Орталық Азия +" форматында диалог алаңдары пайда болды. Бұл форматта бірнеше саммит пен жоғары деңгейдегі кездесулер өтті. Олардың қатарында "Орталық Азия – Ресей", "Орталық Азия – Қытай", "Орталық Азия – АҚШ", "Орталық Азия – Германия" саммиттерін атауға болады. 

2018-2023 жылдар аралығында Орталық Азия елдері арасындағы алыс-беріс көлемі 11 миллиард долларға жетті. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ішкі тауар айналымы 25 пайызға өскен. Бұл ретте Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттерімен саудасы да айтарлықтай ұлғайған. Мемлекеттер ірі жобаларды бірлесіп жүзеге асырып жатыр. 

Бұдан басқа еліміздің сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында сыртқы саясаттың даму үрдістері жіпке тізілген. Маңызды құжатта халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау саласынан бастап экономикалық дипломатия саласындағы басымдықтар туралы айтылған. Мәселен, Қазақстан өңірлік көшбасшы ретінде өз мүдделерін қорғай отырып, тұрақтылық пен даму бағытында жұмыс істейді. Еліміз жаһандық және өңірлік қауіпсіздікке үлес қосатын жауапты мемлекет ретінде танылуға ұмтылады. Сондай-ақ, шет елдермен достық және өзара тиімді қарым-қатынастар орнату, халықаралық ұйымдармен бірлесіп әрекет етуді де көздейді. Содан да болар сыртқы саясат ел экономикасын нығайтуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуі тиіс дегенді басшылыққа алып отыр. Қазақстанның өз айналасында тұрақты, қауіпсіз және экономикалық жағынан сенімді кеңістік құруға ұмтылатынын жоғарыда атап өттік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу