Тәліптер Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігін күзетіп жүр – СІМ

1381

Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Тәліптер Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігін күзетіп жүр – СІМ

Вице-министр СІМ Ауғанстандағы жағдай бойынша мәлімдеме жасағанын атап өтті.

"Біз "Талибанды" (Қазақстанда террористік ұйым деп танылған және тыйым салынған) мойындаған жоқпыз. Кеше бұл мәселеге қатысты Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады. Ауғанстандағы жағдайдың даму барысын мұқият қадағалап отырмыз... Бүгінде барлық мемлекет "Талибанның" әрекеті олардың мәлімдемесіне сәйкес келе ме, келісім жасауға бола ма деп Ауғанстандағы жағдайды бақылап отыр", деді Ақан Рахметуллин ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің орынбасары Кабулдағы билік "Талибанның" қолында екенін, тәліптер Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігін күзетіп жүргенін атап өтті.

"Бізге осы мемлекетпен байланыс орнату керек. Олармен саяси деңгейде айтарлықтай байланыс орнатқан жоқпыз. Қазақстанның Кабулдағы елшілігінің мәліметіне сәйкес "Талибан" (Қазақстанда террористік ұйым деп танылған және тыйым салынған) қалаға (Кабулға – автор) кірген кезде олар біздің елшілік орналасқан аумаққа келіпті. Ауғанстандағы Қазақстан елшісі көшеге шыққан. Осы уақытта бұл аумақта жергілікті полицейлер мен күзет қызметі болмаған. Тәліптер (Қазақстанның Ауғанстандағы – автор) елшімен сөйлескен. Олар сіздер кімсіздер деп сұраған. Елші бұл Қазақстан елшілігі деп жауап берген. (Тәліптер – автор) қорықпаңыздар, жұмыс істей беріңіздер деген. Осыдан бері тәліптер Қазақстан елшілігін күзетіп жүр. Әзірше, осындай деңгейде байланыс болды", деп түйіндеді сөзін вице-министр.

Осыған дейін Президент Ауғанстандағы қандастарға көмектесуді тапсырған.
Сыртқы істер министрлігі ауған босқындарын қабылдамайтынын мәлімдеген.

Сонымен қатар қазақстандық сарапшылар Ауғанстандағы жағдайға қатысты пікір білдірген болатын.

Айта кетейік, 15 тамызда "Талибан" қозғалысы (Қазақстанда террористік ұйым деп танылған және тыйым салынған) Кабулды соғыссыз алған соң, Ауғанстанның барлық аумағына бақылау орнатқанын мәлімдеген еді.

Еске салайық, "Талибан" (Қазақстанда террористік ұйым деп танылған және тыйым салынған) 1996-2001 жылы Ауғанстанның негізгі бөлігінде билік еткен. 

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу