Таразда кәріз суын тазартатын жүйе әлі жоқ

729

Ал Таразда кәріз суын тазартатын жүйе әлі жоқ. Қала билігі тұндырма бассейн санын көбейтумен ғана шектеліп келеді. Алайда бұл  уақытша амалдау әдісі. Маңайдағы ауыл тұрғындарын мүңкіген иіс әбден зәрезап қылған. Сорақысы, сарқынды су етекте жатқан көлшікке құйылып жатыр дейді тұрғындар.

Таразда кәріз суын тазартатын жүйе әлі жоқ

70-ке жеткен Қуаныш қария өткен ғасырдың 60 жылынан бері сарқынды су ағыны бір сәтке болсын, тоқтамағанын айтады. Өзі 2-3 шақырым жердегі Қостөбе ауылының тұрғыны. Ақсақал тұндырма бассейндер әлдеқашан тозып біткен деп отыр. Кейде аузы-мұрнына толып, сасық су маңайға төгіледі дейді.   

Қазір шайынды су жинайтын аумақта 2 млн текше метр қалдық су жатыр. Кеңестік кезеңнен келе жатқан 90-ға тарта бассейн бар. Оның тең жартысынан астамы жарамсыз. 

Қала бойынша бүгінде 15 мөлтек аудан бар. Шаһар жұрты жылма-жыл еселеніп жатыр. Мұның барлығы қалдық су мекенінің кеңеюіне сеп. Ал кәріз суын тазартатын бірегей жүйенің жоқтығынан, әкімдік әзірге жәй ғана "толтыру-кептіру" әдісімен амалдауда.  

Бұл маңда 3 ауыл бар. Жұрт ала жаздай сасық иіс қолқаны қабады дейді. Жерге сіңген лас судың зардабы ішер суымызға әсері бар  деп жыларман. Тіпті төрт түлігінің өзі тіршілік нәрін ашық-шашық жатқан қалдық сулардан тұтынады. 

Сорақысы сарқынды судың етектегі алып көлге құйып жатқанына қараша қапалы. Қала билігі апатты фактінің барын жасырмады. Бірақ қазір бағыты бітеліпті. Себеп  ескі хауыздың тозуы екен. Сондықтан биыл қалалық бюджеттен 228 млн тг-ге 12 бассейн салынып жатқан көрінеді. Жұмыс аяқталуға жақын. 

Ал кәріз суын тазартатын жүйені қосу үшін инвестор қажет. Қалталы азаматтар табылмаса, Еуразиялық даму банкі арқылы несие рәсімдемек. Ал қалдық судан келер экологиялық апатты күні кеше премьер-министр үкімет мінберінен растады. Сөзінше елдегі кәріз жүйелерінің 60%-дан астамы тозған.

"Сарқынды сулардың көлемі де жыл сайын көбейіп келеді. Оларды тазарту қиындап барады. Резервуарлар шамадан тыс толып кетіп, лас судың өзен-көлдерге ағып кету жағдайы да бар", деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысы қалдықтан электр энергиясын, биогазбен тыңайтқыш алу технологиясын енгізу аса қажет деді. Мәселен, бүгінде Шымкентте ғана сарқынды су электр энергиясы үшін қайта өңделеді. 

Нұрлан Асқар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу