Тұңғыш Президент күні қарсаңында Таразда кезекте тұрғандарға жаңа пәтерлердің кілттері табысталды, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.
80 пәтерлі тұрғын үй "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында салынған. Халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері, оның ішінде балалар үйінің түлектері, толық емес отбасылар және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар баспаналы болды. Қоныс тойын тойлағандардың қатарында ҰОС ардагерлеріне теңестірілген адамдар мен бюджеттік қызметкерлері де болды.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады.
- Баспана мәселесі-әр адам үшін маңызды. Қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін "Нұрлы жер", "Бақытты отбасы", "7-20-25" бағдарламалары іске асырылуда. 32 мыңға жуық тараздық тұрғын үй кезегінде тұр. Биыл мыңға жуық пәтер, сондай - ақ аз қамтылған отбасылар үшін 180 пәтерлі жатақхана пайдалануға берілді,- деп атап өтті облыс әкімі.
Осылайша жаңа бесқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Мұнда барлық инженерлік коммуникациялар жүргізілген.
Айта кетейік, үй жаңа 15 шағын ауданда орналасқан. Онда бірден бірнеше тұрғын үй салынуда. Қазір облыста 65 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүзеге асуда десек, оның 50-ден астамы Таразда.
Биыл 3146 пәтерлі 57 үй пайдалануға берілмек, 41-і "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша бой көтеруде. Жыл қорытындысымен 615 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.