Дүниежүзілік тәжірибеде балық қорын жасанды суда көбейтудің маңызы мол екені айтылады.
2030 жылға дейін өңірде 16 мың тонна тауарлы балық өсіру межеленген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Жанқожа Сапаров тауарлы балық өндіру жолға қойылып келе жатқанын айтады.
""Қызылорда облысында балық шаруашылығын Өңірлік дамытудың 2030 жылға дейін бағдарламасы" қабылданған еді. Бағдарлама аясында 2030 жылға қарай облыста 16 мың тонна тауарлы балық өсіру көлеміне жеткізу межеленіп отыр. Бүгінгі күннің өзінде бағдарлама индикаторын орындауда оң нәтиже бар. Өңірлік бағдарлама аясында облыс бойынша 76 тауарлы су айдыны, 8 тоған шаруашылығы және 2 тұйық сумен қамтамасыз етілген. Өткен жылы өңірде 837 тонна тауарлы балық өндірілсе, биыл 1 000 тонна тауарлы балық аулау жоспарланған", - дейді ол.
Облыста балық шаруашылығын дамытып, су маржандарын қорғау мақсатында наурыз айынан бастап "Таза су айдындары" табиғат қорғау акциясы мен "Уылдырық шашу" балық қорғау акциясы жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде тонналаған қоқыс пен қалдық жиналған.
"Облыс аумағында "Таза су айдындары" науқаны наурыз-мамыр айлары аралығында жүргізіледі. Акция басталған уақыттан бері инспекция бойынша тазалау жұмыстары жүріп, 10 тоннаға жуық әртүрлі қоқыстар мен суда қалған 35 дана аудың қалдықтары жиналды. Ал, "Уылдырық шашу" кезеңінде облыстағы су айдындарында балық ресурстарын пайдалануға шектеу қойылды. Сондай-ақ, Тұщыбас, Чернышева шығанақтарын қоса алғанда, Үлкен Арал теңізінде 1 сәуір мен 31 шілде аралығында артемия жұмыртқаларын жинауға және дайындауға тыйым салынған. Акция барысында құқық қорғау органдарымен бірлесіп, күшейтілген рейд жұмыстары ұйымдастырылатын болады", - деп сөзін жалғастырды Жанқожа Сапаров.
Өткен жылы Арал ауданында ұйымдастырылған "Балықшылар слетінде" көптеген мәселе талқыланған еді. Соның бірі – балық шаруашылығын дамыту, өсіру. Сарапшылар Арал теңізінің суы азайғанымен, балық аулаудың кемімей тұрғанын қайта-қайта көтеріп жүр.