Тендердегі теңсіздікке шағымданғандардың рейтингі кемиді. Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заңда осындай тетік енгізілуі мүмкін.
Авторлар бұл негізсіз арыз жазып, жұмысқа кедергі келтіретіндермен күресудің жолы деп сендірді. Жаңа құжаттың таныстырылымы келесі аптаға жоспарланған.
Жыл басынан бері мемлекеттік сатып алу саласында жүргізілген аудит нәтижесінде 1 трлн теңгенің тендерінде заң бұзушылық анықталған. Конкурстағы негізгі кемшіліктерге кейбір қатысушыға артықшылық беру, жұмыс тәжірибесін қате есептеу, ықтимал өнім берушілердің санын азайту үшін негізсіз талаптар қою, бір көзден сатып алу әдісін заңсыз қолдану жатады. Осыған байланысты 26 мыңнан астам шағым түскен. Оның 20 пайызы толық, 27 пайызы ішінара қанағаттандырылған. Ал жартысынан көбі негізсіз деп танылды, дейді Ішкі аудит комитетінің өкілі.
"Конкурс тәсілімен өтетін мемлекеттік сатып алуларға шағым көп түседі. Сондықтан байқау кезінде 4 бағыт бойынша камералдық бақылау жүргізіледі. Олар конкурстық құжаттама жобасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкестігі, конкурстық құжаттама жобасын бекітудің негізділігі, қабылданған шешімдер мен қорытындылар хаттамасын шығару кезіндегі шешімдердің заңдылығы", – дейді ҚР Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төраға орынбасары Ренад Ахметов.
Мамандардың айтуынша, заң бұзушылықтар денсаулық сақтау, білім беру және құрылыс саласында жиі анықталады. Одан бөлек, белсенділер тендерде картелдік келісімдер етек алғанын айтады. Осылайша, лоттың құны бірнеше есе көтеріліп, бюджет қаражаты ысырап болып жатыр. Бұл дерт әсіресе квазимемлекеттік секторда асқынған, дейді сарапшы Диар Смағұлов.
"Казатомпром компаниясының ішіндегі компания Вольво көлігін алды. Тягач. Лотты ұтқан компания екінші қатысқан компаниядан сатып алады. Басқа бағамен. Жалпы сегіз тягач 600 млн теңге шықты. Бірақ бірінші ұтқан компания екінші компаниядан 500 млн теңгеге алған. Сұрақ, егер сенде осындай бағамен сатуға мүмкіндік болса, неге сен аукционда бірден сол бағаны көрсеткен жоқсың?", – дейді "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов.
Яғни, қолданыстағы заңнаманы қулар өз мақсатына тиімді қолданып жүр. Сондықтан бұл саланы реттеу үшін жаңа жоба дайындалып жатыр. Құжатта бұған дейін тиімділігін дәлелдеген демпингке қарсы, рейтингтік-балдық жүйе, автоматтандыру сынды механизмдермен қатар, байқау өткізудің уақытын қысқарту, негізсіз шағымдар үшін жазалау сынды тетіктер бар. Сонымен қатар, бір көзден сатып алудың 46 негіздеменің 43-ін қалдырған. Бірақ бағаны шарықтатуға тосқауыл қою қиын, дейді ведовство өкілі.
"Бағалар бюджет жасақталғанда бекітіледі. Яғни, тендер жарияланбай тұрып белгіленіп қояды. Қазір бұл мәселе бюджет кодексі аясында қарастырылып жатыр. Біз баға қалыптастыру механизмі бойынша пилоттық жоба жүргізгенбіз. Онда ең төмен, ең жоғары және орташа бағаны негізге алып медиандық құнын бекітіп көрдік. Бірақ сатып алынатын тауардың сапасы мен талаптарға сай келуін де қадағалау маңызды", – дейді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік секторының сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Ерлан Сеитов.
Жаңа заңдағы тағы бір жаңалық мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алулары бір платформада орналастырылуы. Бұл ашықтықты қамтамасыз етуге септігін тигізеді дейді авторлар. Алайда платформа ортақ болғанымен, ережелерде айтарлықтай өзгеріс жоқ.