Елді мекен Глубокое ауданына қарағанымен, облыс орталығы Өскеменмен шектеседі. Соған қарамастан, ондағы халықтың мұңы мен үні билікке жетпей жатқан көрінеді.
Степной ауылында 250-ге жуық отбасы бар. Оның сексен шақты шаңырағына су келіп тұр. Бірақ оны ішу мүмкін емес, оны тек мал тұтынады, одан қалса, кір ғана жуады.
"Үйіміздегі су тамақ пісіруге жарамайды. Тұзды. Тағы басқа да дәмі бар. Ыдыстың ішін қақ басып қалады. Жалпы осы ауылдың суын бұрын тексергенде ішуге жарамайтыны белгілі болған. Қашанғы осылай отырамыз?! Таза су тартып берсін", дейді Степное ауылының тұрғыны Любовь Коровникова.
Ал қалған үйлердің кейбірі аулаларындағы құдық суын ішіп отырған. Соңғы жылдары жерасты суы төмендеп, одан да су шықпай қалды дейді. Ал елді мекеннің енді бір бөлігінде мүлдем ішер су жоқ.
Тамаққа қажетті таза суды қаладан тасып әкелуге мұндағы елдің бәрінің шамасы келмейді. Тек көлігі барлар ғана өздеріне қажетті тіршілік нәрін әкеліп пайдалануда. Ал оған мүмкіндігі жоқтар мынадай ыдыстарды таңертең шығарып, жол жиегіне қойып қояды.
Ауыл халқының айтуынша, су таситын көлік кейде бар, кейде жоқ. Келмеген күні таза суды тұрғындар дүкеннен сатып алуға мәжбүр. Ал ауыл әкімі тек аязды күндері ғана белгілі себептерге байланысты су кешеуілдейді деп түсіндірді. Ал құбыр тарту үшін тендер жарияланып, 9 компания арасынан жеңімпаз анықталған. Бірақ байқау нәтижесіне наразы болушыларға байланысты қазір тексеру жүріп жатыр.
"Қазіргі уақытта құзырлы органдар тексеріп жатыр. Осы тексерістер өткеннен кейін, қай организация жеңіп шығатынын бізге жариялайды. Көктемде осы су құрылысы міндетті түрде басталады", деді Ушанов ауылдық округінің әкімі Ерік Құмаров.
Таза су мұнда бұрын тартылуы тиіс еді. Қаншама қаржы жұмсалып, жобалық-сметалық құжаты да жасалған-тын. Алайда, дер кезінде жұмыс басталмай ол құжаттың мерзімі өтіп кеткен.