ТМД мен Қазақстанда инфляция қарқыны күшейген

1220

Инфляциялық процестердің алдын алу үшін ЕАЭО елдерінде ақша-кредит саясаты қатаңдатылды.

ТМД мен Қазақстанда инфляция қарқыны күшейген

2020 жылдан бастап іскерлік белсенділіктің төмендеуі және COVID-19 пандемиясына байланысты әлемдегі көптеген мемлекет фискалды ынталандырудың белсенді шараларын қабылдап, ақша-кредит саясатын жұмсартқан болатын. Биыл бұл шаралар экономика мен тұтынушылық сұраныстың қалпына келуіне байланысты инфляциялық процестердің жеделдеуіне әсер еткен, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы finprom.kz-ке сілтеме жасап.

ЕАЭО-ға мүше барлық елде бағаның жылдық өсуі байқалған. Соңғы жылы (2020 жылғы қазаннан 2021 жылғы қазанға дейін) Арменияда баға айтарлықтай өскен, онда жылдық инфляция 1,3%-дан 9,1%-ға дейін артқан. Сондай-ақ инфляция қарқынының бәсеңдегеніне қарамастан ЕАЭО елдері арасында Қырғызстанда да инфляция көрсеткіші 12,5%-ды (2020 жылғы қазанда – 7,2%) құраған.

Беларусьте инфляция 10,5%-ға жетті (2020 жылғы қазандағы көрсеткіш – 6,2%), Ресейде – 8,1% (өткен жылғы көрсеткіш – 4,0%). Биыл қазанда Қазақстанда инфляция 8,9% деңгейінде болды. 

Мұндай жағдайда орталық банктер ақша-кредит саясатының бағытын біртіндеп өзгерткен.

Осылайша, дамушы елдер ақша-кредит саясатын күшейтті.

Инфляциялық процестердің алдын алу үшін Ресейде негізгі пайыздық мөлшерлеме 3,25 п.т. немесе 7,5%-ға дейін, Қырғызстанда 2,5 п.т. немесе 7,5%-ға дейін, Арменияда 2 п.т. немесе 7,25%-ға дейін, Беларусьте 1,5 п.т. немесе 9,25%-ға дейін, Қазақстанда 0,75 п.т. немесе 9,75%-ға дейін көтерілді.

ЕАЭО құрамына кірмейтін ТМД елдерінде де инфляция көрсеткіші жоғары. Өзбекстанда инфляция бастапқыда екі таңбалы болған, ал соңғы жылы 0,9 пайыздық тармаққа төмендеді.

Соңғы жылы Украина мен Молдовада бағаның өсу қарқыны жоғары (2,6%-дан 10,9%-ға дейін, 1,6%-дан 8,8%-ға дейін). Осыған байланысты Украинада негізгі мөлшерлеме төрт есе, 6%-дан 8,5%-ға дейін, Молдовада үш рет, 2,65%-дан 5,5%-ға дейін өскен.

Негізгі мөлшерлеме жыл басынан бері Тәжікстанда (2,5 п.т. немесе 13,25%-ға дейін) және Әзербайжанда (0,75 п.т. немесе 7,0%-ға дейін) өскен. 

ТМД және ЕАЭО елдерінде инфляцияның қалыптасуы көбінесе монетарлық емес факторлардың әсерінен болып отыр. Инфляцияның басты драйвері – азық-түлік тауарларына бағаның өсуі.

Инфляция қарқынын жеделткен негізгі факторлар – әлемдегі азық-түлік бағасының көтерілуі, коронавирус пандемиясы салдарынан логистикалық жеткізілімдегі іркілістер, әлемдегі шикізат тауарларына бағаның өсуі және тағы басқа.

Кейбір елдерде инфляция қарқыны белсенді түрде қалпына келіп жатқан тұтынушылық сұранысқа байланысты күшейген. ТМД және ЕАЭО елдерінде тұтынушылық сұраныстың қалпына келуі эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы және тұтынушылық кредиттеудің ұлғаюы, карантин шектеулерінің алынып тастауымен байланысты.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу