Тоқаев экономикалық дипломатияны қайта жандандыруды тапсырды

844

Оның айтуынша, коронавирус пандемиясынан кейін мемлекеттер арасында шетел инвестициясына талас күшейген.

Тоқаев экономикалық дипломатияны қайта жандандыруды тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігіне экономикалық дипломатияны қайта жандандыруды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Экономикалық дипломатияны қайта жандандыру. Әлемдік саясатта климат пен технологияны мәселелері айрықша өзекті. Пандемиядан кейін экономиканы қалпына келтіру үшін мемлекеттер арасында шетел инвестициясына талас күшейді. Сыртқы істер министрлігі – инвестиция тарту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыратын уәкілетті орган. Біз министрлікке осындай ерекше мәртебе бердік. Сондықтан бұл мүмкіндікті толыққанды пайдалану керек. Қазақстан экспортын ілгерілетуге барынша қолғабыс ету – тағы бір маңызды міндет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген отырысында.

Мемлекет басшысы Қазақстан шығыс пен батысты, солтүстік пен оңтүстікті жалғайтын күре жолдардың бойындағы транзиттік логистикалық хабқа айналуы тиіс екенін атап өтті.

"Нұрлы жол бағдарламасы және көрші елдердің инфрақұрылымдық бастамалары осыған негіз болады. Бұл жұмыста министрлікке айрықша міндет жүктеледі", – деді Президент.

Сонымен қатар ол Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын нығайту керегін жеткізді.

"Мен жоғарыда айтқанымдай бұл аса маңызды міндет. Біз осы аймақта ерекше мәртебеге ие екенімізді батыл мәлімдей білуге тиіспіз. Бұған толық негіз бар. Атап айтқанда, экономикамыз Орта Азиядағы басқа елдердің экономикасына қарағанда әлдеқайда қуатты. Біз Еуразиядағы басты көлік дәліздері тоғысқан геостратегиялық орталықта тұрмыз. Ауқымды экономикалық және демократиялық реформалар белсенді түрде жүзеге асып жатыр. Зияткерлік және адами ресурсымыз бар. Халықаралық қауымдастықтың алдындағы абырой беделіміз жоғары", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Орталық Азияның тағдыры үшін Қазақстанға ерекше жауапкершілік жүктелетінін айтты.

"Су дипломатиясы бойынша келіссөздерді тезірек аяқтау Қазақстан мен Орталық Азия елдері, Ресей мен Қытайдың ортақ мүддесіне сай келеді деп санаймын. Трансшекаралық су ресустарын әділ және тиімді пайдалану аймақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты кепілі болмақ", – деді Мемлекет басшысы.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу