Тоқаев жарлығы: халықтың несие жүктемесі азаяды

725

Қарызға белшеден батқан азаматтарға кепілсіз несие мен микрокредит беру шектеледі. 

Тоқаев жарлығы: халықтың несие жүктемесі азаяды Фото: ort.com

Президент Үкімет пен Ұлттық банкке осындай тапсырма берді. Тоқаев халықтың несие жүктемесін азайту туралы жарлыққа қол қойды. Онда микроқаржы ұйымдарын 3 жылға салықтан босатып, шағын кредиттер бойынша ставканы қатаңдату жүктелген. Ол ол ма, жуық арада қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының 50%-ын инвестициялық компанияларға басқаруға бере алады. 

Бұл жарлыққа Тоқаев жұма күні қол қойыпты. Алайда, құжат Ақорданың ресми сайтында жарияланбаған. Оның мәтінін "Әділет" порталынан орыс тілінде таптық. Не де болса, Тоқаев Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігіне тапсырманы үйіп төккен. Дедлайн да бар. Халықтың несие жүктемесін азайту үшін Президент кепілсіз несие беруді және микрокердиттер бойынша пайыздық ставкаларды қатаңдатуды тапсырды. Ал кредит беретін ұйымдардың бәрі проблемалық несиелерді реттеу бойынша жоспар қабылдауға міндеттелмек. Бұл шаралар мамыр айының соңына дейін қабылдануы шарт.

Сондай-ақ қарызды өтеу мерзімі 90 күннен асып кеткен азаматтар үшін жаңа несие беруді шектеу де тапсырылды. Банктер мен микроқаржы ұйымдарының проблемалық қарыздарды коллекторлық агенттіктерге сатуы да шектелмек. Қазір елімізде 1,5 миллионға жуық адам қарызға белшеден батып, оны төлей алмай жүр.  Түйгеніміз, Тоқаевтың бұл жарлығынан кейін бұқараға кепілсіз кредит алу қиындай түспек. Экономист Ләззат Жанмолдаева мұны банкроттық туралы заңның қабылдануымен байланыстырады, яки енді банктерге несиені оңды-солды беру тиімсіз. 

"Күнделікті өмірде кездесіп жатқан бірнеше банктен қатарынан несие рәсімдеуге банктердің де құлшынысы бола қоймайды деп есептеймін. Өйткені, банкроттық жариялағаннан кейін көп адамдардың олардан түсетін табыстары азаяды да, банктерде де көзқарасы басқаша болады. Бұлардың басты табыс көзі халықты несиелендіру, ал сол несиені төлей алмайтын жағдай болса, банктердің өзі кепілзат және қаншалықты халықтың табысы жеткілікті екенін растайтын құжаттарды жинау арқылы шектеуді көбейтеді деп есептеймін", дейді Экономист Ләззат Жанмолдаева.

Өткен жылдың соңында микроқаржы ұйымдары 28 мыңнан астам қазақстандықтың 600 млн теңге қарызын кешірді. Алғыс ретінде Тоқаев оларды 3 жылға салықтан босатқалы жатыр. Бұдан бөлек, банктер мен микроқаржы ұйымдарына көбірек несие беруді жүктеді Президент. Мұндағы мақсат олардың айналымдағы капиталын ұлғайту. Бұл ақшаны банктер халыққа емес, бизнеске несие ретінде беруі шарт. Осылайша Президент экономиканың нақты секторын қаржылай қолдамақшы. Мәселен қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы аясында пайыздық ставканы субсидиялау мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылмақ және инвестициялық жобалар пулы аясында жол картасы әзірленеді. Ал азаматтарға зейнетақы жинақтарының 50 пайызын инвестициялық компанияларға басқаруға беруге рұқсат етіледі. Бұл қаражат та бизнесті несиелендіруге бағытталмақ.

"Біздің азаматтарымыздың қаржылық сауаттылығы Ұлттық банк мәліметтері бойынша 40 пайыз шамасында. Азаматтарымызға жинақтарын инвестициялық компанияларға басқаруға беру тәуекелі жоғары болып саналады. Азаматтарымыз өзінің жинақтарын басқара алуы зейнетақы қорына деген сенімділікті береді. Бірінші желтоқсанға дейін екінші деңгейлі банктерге азаматтардың кірістері жайында декларацияны берсін делінген. Бұл декларацияның өзі 2025 жылға дейін созылады. Біз әлі қарапайым халыққа жеткен жоқпыз,ақпаратты бере алмаймыз. Сондықтан бұл нәрсені қысқа мерзімде жүзеге асыру қиындық тудырады", дейді Қаржыгер Жалғасбек Ақболат.

Тоқаев жыл соңында Үкіметтің кеңейтілген отырысында халыққа кепілсіз кредиттерді оңды-солды бере бермеу керек дегені есте. Сол кезде жаңа жарлық дайындап жатқанын да айтқан. Бүгінде проблемалық несилердің жалпы сомасы жарты триллионнан асқан. Кей қазақстандық бір кредитін өтеу үшін жаңасын алуға мәжбүр. Несие беру шарттарын қатаңдату, әрине, қажет, бірақ Президент пен Үкімет халықтың табысын арттырып, инфляцияны ырыққа көндіріп, қымбатшылықты тежеуге көбірек мән беруі керек сияқты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу