Тоқаевты айналдырып апарған: Жамбылдағы аудан арасындағы жол сапасы сын көтермейді

464

Ел бойынша, ауыл түгілі аудан мен қала бағытындағы жолдар ойдым-ойдым хәлде.

Тоқаевты айналдырып апарған: Жамбылдағы аудан арасындағы жол сапасы сын көтермейді

Аутсайдер – әзірге Батыс Қазақстан облысы. Мұндағы жолдар небәрі 43 пайызға жөнделген. Күре жолдағы күрсініс өзге өңірлерде де оңып тұрғаны шамалы, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Асфальттің атын естімеген аймақтар көктем мен күзде, боранды қыста ми батпаққа айналып, жолаушылары тәуліктеп азап тартады. Тас жолды тегістеп, түзеуді жергілікті билік неге ылғи созбалаңға салады? Шағым үдеп, шу шықса ғана, бізде шақырым жолдар жөнделетін болған ба?

Елде жол саласын жемқорлық жайлап тұрғаны жасырын емес. Тапсырыс аларда уәдені үйіп-төгіп, іске келгенде іркілетін бәз-баяғы мердігерлер. Факт, әсіресе, аудан мен қала бағытында. Мәселен, Тараз бен Байзақ ауданын жалғайтын жол былтыр ғана жамалып, жөндеу көрген. Бірақ жылға жетпей, шұрық-тесікке қайта айналды.

Тоз-тозы шыққан трассадан жүргізушілер тозып біткен. Жергілікті билік жол жөндеуге қауқар жоқ дейді. 

3 ай бұрын Президент Тоқаевтың өзі Байзаққа барған. Бірақ президентті ауданға апарар бұл жолдан айналдырып өткізді дейді жүргізушілер. Сорақысы, ауданға кірер 2 жолдың біреуі қазір жөндеу үшін жабылған. Сондықтан 100 мыңнан аса тұрғыны бар аудан жұрты мына шұрық-тесік тас жолмен күнде қатынауға мәжбүр.

"Ең болмағанда, жамап кетсе болады ғой. Оны да жасамады. Биліктің қолынан келмесе мұны жасауға, оны айтсын. Болмаса, халық болып өзіміз ақшасын жинайық. Істей ме, істемей ме, соны нақты айтсын", - дейді ашынған көлік жүргізушісі Құлманәділ Қайратұлы.

Күре жолдағы тесіктер балтырдан келеді. Көліктер жүрісі - шахмат тектес. Қызығы, былтыр жамап-жасқап ғана қойған қала әкімдігі биыл жолды толық сүріп, тақтайдай тегіс етпек. 

"Ол жақта енді  күрделі жөндеу қажет. Сметалық құны 228 млн тг. Конкурстық рәсімдер қазір жүргізілуде. Айдың аяғына дейін мердігер анықталады", - деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев.

Олқылық орталықта да оңалмай тұр. Қарағанды мен Қарқаралы қаласын жалғайтын 90 шақырымдық жол 60 жылдан бері сол қалпы. Ол аздай, 8 жыл бұрыңғы жүрген сел тас жолды тас-талқан етті. Жергілікті билік бұқараға қаржы тапшы деуден басқа басу айтпапты. Ал жиілеген жол апаттары шенділерді мүлдем шошытпайтын сықылды дейді.

"Ең болмаса, күрделі жөндеу емес енді, Матақ пен екі ортаны толық аяқтаймыз деген. Содан пішіп-пішіп, қысқартып-қысқартып келіп, 44 километрге ғана шамасы келетін болыпты", - дейді Матақ ауылының тұрғыны Болатбек Тоқмырза.

90 шақырымды тегістеуі тиіс мердігер қазір тең жартысын ғана жөндемек. Бұған сеп - әуелі қаржы тапшылығы. Кейін мемлекеттік тапсырыс ережелерінің кенеттен өзгере қалуы екен.

"Автомобиль жолдары комитетінің соңғы ережесіне сәйкес, орташа жөндеу барысында асфальт қабаты екеу болуы тиіс. Қазіргі нормаға сәйкес. Сондықтан осы жобаның бағасы қымбаттап кетті де, 90 шақырымның  44 ғана жөнделетін болады", - деді Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Әділжан Арғынов.

Биыл елде 4 мың шақырымға жуық ауылдағы жолдар жөнделуі тиіс. Ортақ статистикаға салсақ, бұл - өте аз көрсеткіш. Мәселен, Павлодарға қарасты Құлакөл ауылының жұрты жол жырын жырлағалы 20 жылдан асқан. Елді мекенді күре жолға жалғайтын аралық он шақырымға да жетпейді. Күнбе-күн екі ортада сабылған жұрт жол азабын тартып біткен. Келіп-кеткен әкімдер мен билік өкілдері уәдені төккенімен жылдар бойы нәтиже жоғын айтады.

"Қысы-жазы жүруге машина түк шақ келмейді, бұзылып қала береді. Бір жаңбыр жауса, бітті шұңқыр да шұңқыр. Бұл мәселе осы 20 жылдан бері шешілмей келеді. Депутаттарға да қанша айттық", - деді Құлакөл ауылының тұрғыны Ержан Жүнісов.

Жоспар деген тағы бар. Оған сенсек, ел бойынша жыл соңына дейін 11 мың шақырым жол жөнделмек екен. Бұған бюджеттен барлығы 600 млрд теңге қаражат бөлінбек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу